Келісімге сай инвестор тарапынан Сауран ауданында заманауи емхана салынбақ
Түркістан облысында мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізіліп, жеке инвесторларды тартуға да мән берілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгінде Түркістан облысында медициналық нысандар санын көбейту, тұрғындардың денсаулығын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған салаға жеке инвесторларды тарту да жолға қойылған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Viamedis» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бас директоры Әсет Ахметовпен кездесіп, екіжақты әріптестік мәселесін талқылады. Қос тарап іскерлік байланысты дамытуға ниет білдіре отырып, өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Осы келісімге сай инвестор тарапынан Сауран ауданында заманауи емхана салынбақ. Емхана толығымен медициналық құрал-жабдықтармен және КТ, МРТ аппараттарымен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен бірге оңалту орталығын салу бойынша де келіссөз жүргізілді. Сауран ауданында 101 981 тұрғын бар, оның ішінде Сауран аудандық емханасына тіркелген халық саны – 74 326, емханада күндізгі стационарда 171 төсек-орын қарастырылған. 31 денсаулық сақтау нысаны бар. Аудандық емхана ғимараты 2017 жылы салынған. Жалпы ауданы – 992 м2 құрайды, жобалық қуаттылығы – ауысымына 100 адам. Медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы – 68,7%, тозуы – 65,7%.
Айта кетейік, Түркістан өңірінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынып жатыр.