Қоғамдық қарым-қатынаста адам – капитал ретінде бағалы
Адам өзі өмір сүретін қоғамның ең бірінші қозғаушы күші. Сол себепті де қоғамдық қарым-қатынаста адам – капитал ретінде бағалы. Әлемдегі көптеген мемлекеттер тұрғындарының ел дамуына көп үлес қосуы үшін түрлі шарт-жағдайлар жасап, оны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл үрдістен біздің еліміз де қалыс қалған жоқ, дегенмен, қоғамда патерналистік ғадет әлі де сақталып тұр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тәуелсіз әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов патерналистік ғадет аграрлы мемлекеттерде көбірек байқалады, дейді.
Әлеуметтанушы біздің «Қазақстанда патерналистік ғадет бар ма? Оны әлеуметтанушылар зерттеген бе?», – деген сұрағымызға «Иә, Қазақстанда патерналистік ғадет бар, патернализм дегенді кең мағынада түсіндірсек, Конфуцийдің философиясына, яғни мемлекет басшысы әке болып өз халқына қарау керек, деген мәнге ие. Патерналистік мәдениет дәстүрді сақтау, яғни қоғамның жеке адамға деген үстемдігі. Көбінесе дамыған, технологиялық мемлекеттерде патернализм төмен болады, ал аграрлы мемлекеттерде патернализм жоғары. Неміс әлеуметтанушысы Фердинанд Тённис «қоғам әртүрлі қатынастар мен адамдар бірлестігінен құралады және әр адам өзінің ерік-жігерінің жемісі. Бір адамның жеке еркі ұжымдық ерік-жігерге біріктіріліп, сол арқылы әлеуметтік құрылымға айналады. Тённис «еріктің» екі түрін ажыратады: Біріншісі табиғи гемейншафт негізі, яғни қауымдасып өмір сүру, екіншісі гезельшафтты негізге алған рационалды қоғам. Біріншісі, ең алдымен, дәстүрлі қоғамды, ал екіншісі – индустриялық қоғамды сипаттайды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, ауыл қоғамында көбінісе туысқандық, өзара сыйластық қарым-қатынас берік болса, қалада гезельшафт, яғни адамдар арасында кәсіби қарым-қатынас орнаған. Мысалы мен қалада бір шаруаны шешу үшін туысқаныма емес, өз ісінің маманына жүгінемін.
– Патерналистік ғадеттің біздегі деңгейі ТМД елдерімен шамалас болар? Дамыған елдермен салыстырғанда қай деңгейде?
– Көшпелі немесе аграрлы мемлекеттерде патерналистік көңіл күй мығым. Модерн қоғамда патернализм өз-өзінен, біртіндеп сетінейді, әлеуметтік даму барысындағы өндірістік қатынастар патернализмді уақыт өте келе ығыстырады.
Қазір біздегі патерналистік деңгейі ТМД елдерімен шамалас, өйткені біз бәріміз бір социалистік қоғамның, дәстүрдің, мәдениеттің «мұрагеріміз». Ал дамыған мемлекеттермен салыстырғанда деген сұрағыңызға келсек, патернализм деңгейі елдің дамыған, дамымағанына байланысты емес. Менің ойымша, ол елдің мәдениетіне байланысты. Ал технологиялық, либералды елдерде оның бәрі ақырындап жойылады.
Дамыған елдердің бірі ретінде Жапонияны мысалға алсақ, онда үлкен корпарациялар үлкен отбасы секілді, топ менеджерлері компания қызметкерлерінің әкесі секілді. Оларға пәтер алып береді, әлеуметтік пакет тағайындайды. Сол себепті дамыған елдерде де патернализм түрлі аспектіде көрініс береді деп толық айта аламыз.
– Қоғамда патерналистік ғадет, анығырақ айтқанда масылдық асқынбауы үшін не істемек керек?
– Менің ойымша модернизация мен либерализм ары қарай дами берсе бұл ғадет өзімен өзі жойылады. Бірақ, ұрпақ арасындағы сыйластықты сақтап қалу керек. Мемлекет қазір осы сыйластықты сақтап қалуы үшін саясат жүргізіп жатыр.
Патерналистік ұғымы масылдық деген ұғыммен толық сәйкес келмейді. Қоғам патерналистік аспектіге негізделіп кетсе, яғни жоғарыда айтқан «Мемлекет басшысы әке болып өз халқына қарау керек» деген ұғым берік қалыптасып, адамдар түрлі әлеуметтік көмектерге иек артып, мемлекетке аузын аша берсе, ол масылдыққа алып келуі әбден мүмкін. Біздің елімізде мемлекет бекіткен белгілі бір әлеуметтік саясат бар. Оның негізінде мемлекет білім беру саласына, мәдениетке, денсаулық саласына өзі қарайды. Әртүрлі жобаларға ортақ бюджеттен қаржы бөлініп отырады. Әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылар белгілі бір деңгейде патерналистік ғадеттің асқынуына әсер етеді. Олай дейтінім, мемлекет әлеуметтік көмек бөлгенмен оның нақты не нәрсеге жұмсалып жатқанын қадағалай алмайды.
Біздің жалпы мәдениетіміз патерналистік, саяси мәдениетіміз сондай. Мәселен, азаматтық қоғам тарапынан, асық ойынын дамыту үшін мемлекет қаржы бөлсе, деген ұсыныстар айтылып қалады. Неге? Себебі басқа қаржы көзі жоқ, барлығы мемлекетке қарап отырады. Бұл біздің патерналистік ғадетіміздің көрінісі. Ал, негізінде мемлекеттің бюджетіндегі халық салығынан жиналған қаржы ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың жайлы өмір сүруі үшін инфрақұрылымды дамытуға, т.б маңызды дүниелерге жұмсалуы тиіс.
Ал либералдық саяси мәдениетте, керісінше, мемлекет тек міндеттерді дұрыс бөліп, оның заңға сай жүзеге асуын қадағалап отырады.
– Еңбек нарығының реттелуі, адамдарды жұмыспен қамту мәселесі мен патерналистік ғадеттің арасында қандай байланыс бар?
– Иә бұл салалардың патерналистік ғадетпен байланысы бар. Өйткені, жастардың жұмысқа орналасуы қиын, себебі жұмыс орны тәжірибе керек деген талап қояды. Ал тәжірибені жұмысты істеп көрген адам ғана жинай алады. Кеше оқу бітірген бала ешқандай тәжірибесі жоқ болғасын, әйтеуір ақша тапсам болды, деп барып кел, шауып кел деген жұмысқа ғана жарап, соны қанағат етіп жүре береді. Бұл да бірте-бірте әлеуметтік көмекке сүйенуге жол ашады.
Біздегі патерналистік ғадеттің тағы бір көрінісі басшы тағайындауда адамның тәжірибесіне емес, жасынада қарау. Ондағы ой, жастар үлкен адамның сөзіне құлақ асады деген ұғым. Аграрлық елдерде қызметкер 50 жыл бойы тәжірибе жинайтын болса, индустриялды мемлекеттерде бес жыл ішінде оқып, білім мен мәліметті жинап, үйреніп алады.
Әлеуметтік масылдықтың етек жаюы туралы Мемлекет басшысы «Әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жалынсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етеді», – деп айтқан еді.
Бізге сұхбат берген әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов те осы ойды қуаттайды. Әлеуметтік көмек балалардың дамуына, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін кеңейтуге жұмсалғанда ақталатыны белгілі. Қаржының мақсатты жұмсалуы үшін балалардың ата-анасының жауапкершілігі мен қаржылық сауаты артқаны абзал.
Кейінгі жылдары елімізде инклюзивті білім беру ісі қолға алынып, мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналар белгілі бір қауымдастық құрып, бизнес ашып, мүгедектігі бар жандардың мүмкіндігінің көп екенін көрсетіп жатқан жайлар аз емес. Бұл үрдіс қоғамның дені сау, бауыры бүтін тұрғындарына үлгі болатыны анық.