Келестік дәрігерлер «Аутодеструктивті мінез құлықтың» алдын алу туралы айтты

Qaz365.kz редакциясы

«Аутодеструктив» сөзі латын тілінен «қалыпты жағдайдағы құры-лымының бұзылуы» деп аударылады

Фото: mirprognozov.ru

Түркістан облысы, Келес ауданының ауруханасының дәрігерлері жасөспірімдер арасындағы «Аутодеструктивті мінез құлықтың» алдын алу туралы ескертті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Аутодеструктив» сөзі латын тілінен «қалыпты жағдайдағы құры-лымының бұзылуы» деп аударылады. Аутодеструктивті мінез-құлық – қалыпты дамуға, адамның психологиясына кері әсер етеді. Яғни, суицид ауруы. Ежелде қазақ халқында өз-өзіне қол салу болған емес. Бұл заман өзгерісімен туындап отырған жағдай.

Бүгінде қарасаңыз, толық емес, сәтсіз отбасылар көп. Осының бәрі өмірді әлі танып білмеген, ондағы қиындық-тармен күресе алмайтын бала үшін ауыр соққы. Әке-шеше ажырасты да кетті, ал баланың жайы қалай болады? Ол бұны қалай қабылдайды, осыған ой жіберіп жатыр ма? Жоқ, әрине.

Осыдан келіп, баланың асыла салуы немесе жаман жолға түсуі сынды оқиғалар орын алады. Балалардың бақытсыздығына, олардың өз-өзіне қол салу әрекеттеріне баруына көп жағдайда отбасындағы жайсыздық пен мектепте түсінбеушіліктің орын алуы себеп болуда. Балаларға жай ғана киімін, тамағын тауып беру аз, олар үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп өсуі тиіс. Ал әке-шеше өз дәрежесінде көңіл бөлмейтін бала ешкімге керексізбін деп түсініп, психологиялық күйзеліске тап болады. 

Әсіресе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өте әсершіл, кез келген нәрсені жүрегіне тез қабылдағыш. Түсіністік болмаған жағдайда осы жас аралығындағы балалар түрлі жағдайларға ұрынып жататыны белгілі. Олардың сабаққа құлқы болмай, өзге оқушылармен де қарым-қатынасы нашарлап кетеді. Өзін ұстауы мен мінез-құлқында өзгерістердің орын алуы мұғалімді де, ата-ананы да алаңдатуы тиіс.

Мектепте қарасаңыз, кейбір оқушы-лардың қолында қымбат ұялы телефон. Соны көрген басқа оқушылар да «менде неге ондай жоқ» деп күйінеді, әке-шешесіне ренжиді. Жай нәрседей көрінгенімен, мұның өзінен үлкен мәселе туындайды. Осы сияқты мектепте әртүрлі оқиағалар орын алуы мүмкін. Өзгерістерге бей-жай қарамай, психологтың көмегіне жүгіну арқылы көптеген мәселенің алдын алуға болады.

Қазіргі жастардың көпшілігі жоқшылыққа, қиыншылыққа төзе алмайтыны көрініп жүр. Бос уақыттары көп, сабақ оқымайды, пайдалы істермен айналыспайды, не жеймін, не киемін деп қайғырмайды, басына түскен проблемаларды жеңгісі келмейді, сондықтан да олар өз өмірлері үшін күрескеннің орнына, мәңгілік сапарға аттанғанды жеңіл көреді. Депрессиялық жағдайға түскен адам ұрысқа, қақтығысқа бейім. Оның агрессиясы бірінші кезекте өзіне, содан соң жақынына және қоршаған ортасына бағытталады. Көп жағдайда жақындары немесе қоршаған ортасы оның бойындағы өзгерістерді түсінбейді де, қабылдай да алмайды. Ал бұл оны көптеген тығырыққа тіреп, соңы суицидке әкеліп соғады.

Депрессияға, стресске шалдыққан адам, өзіне көңілі ешқашан толмайды. Осыны пайдаланып, буыны бекіп, өмір туралы өзіндік дүниетанымы қалыптасып келе жатқан жастарды желкесінен алып, жолынан тайдыратын, үмітін үзетін, басқа түскен қиындық-пен күресуіне жол бермейтін, өмірден түңілдіретін – осы суицид.