Түркістан облысы үшін денсаулық сақтау саласын дамыту ең маңызды мәселелердің бірі және осы себепті өңірде медициналық орталықтардың жетіспеушілігін шешу маңызды
Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан облысы үшін денсаулық сақтау саласын дамыту ең маңызды мәселе болып отыр. Жалпы өңірде медициналық орталықтардың жетіспеушілігін шешу маңызды. Кейбір ауылды аймақтарда денсаулық нысандарының жоқтығы анықталған. Бүгінде өңірде жаңа медпункттардың құрылысын жүргізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте облыстағы Келес ауданында салынып жатқан дәрігерлік амбулаториялар кең әрі ыңғайлы болмақ. Бүгінде нысанның құрылысын «Emaar» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимараттардың іргетасы қаланып, шілде айында басталған құрылыс нысаны жыл соңында қолданысқа берілмек. Құрылыс алаңы 0,4 гектар аумақты құрайтын дәрігерлік амбулатория 1 қабатты болады. Жалпы Жаңадәуір елді мекенінде бүгінде 1 876 тұрғын болса, Ынтымақ ауылында 2 452 адам тұрады. Олар бүгінгі күнге дейін Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Лесбек Батыр елді мекенінде орналасқан емханаға барып, қызмет алып жүрген болатын.
Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынады.