МӘМС пакеті науқастарға қажет негізгі қандай медициналық қызметтерді қамтиды?

Qaz365.kz редакциясы

Келісімшарт белгілі бір сомаға бекітіледі

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында биыл медициналық ұйымдарға келісімшарттың 30 пайызын құрайтын  68,7 млрд.теңгеге аванстық төлем жасалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жалпы жыл басында Түркістан облысының денсаулық сақтау саласына бекітілген бюджет 227,0 млрд теңгені құрайды. 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетовтың сөзінше  Қор кепілді тегін медициналық көмек пен МӘМС шеңберінде халыққа көрсетілген қызмет ақысын төлейтін қаржы операторы. Яғни, келісімшарт белгілі бір сомаға бекітіледі, клиника сол сомаға жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Медициналық қызметті негізсіз артық тұтынуды болдырмас үшін медицина ұйымдары көрсетілетін қызмет көлемін әр айға бөліп отыруы тиіс. 

«Сонымен қатар, Қор көрсетілген қызметтердің сапасын тексереді және қызмет ақысы тиісті мониторинг жасалғаннан кейін ғана төленеді. Әдетте, мониторинг барысында стандарттар мен нормативтерден ауытқу сынды ақаулар анықталып жатады. Емдеу мекемелеріне тұрақсыздық айыппұлы салынады, көрсетілген қызмет сомасының белгілі бір бөлігі Қорға немесе бюджетке қайтарылады. Ал, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазған клиникаларға қызмет бағасынан үш есе айыппұл салынады. Мұны науқастардың құқығын қорғап, қызмет сапасын арттыруға бағытталған шара деп қабылдаған жөн. Медициналық ұйымдардың шарт аясында бөлінген қаражатты ұтымды пайдаланып, науқастарды қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, қызметтің сапасын бақылауда ұстауын назарға саламын. Жалпы, алғанда жағдай Қордың тұрақты бақылауында және медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», – дейді Бақыт Исмаханбетов.