Алматы аймағы да аса қауіпті саналады, өйткені мұнда күшті жер сілкінісі 1887 және 1911 жылдары болған
Қазақстандық сейсмолог Алматы аймағында жеті балдық жойқын жер сілкінісінің ықтимал қаупін бағалады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tengrinews.kz сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсарсен Өзбеков Түркиядағы жойқын жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Анадолы таулы аймағы планетаның осы бөлігіндегі ең белсенді және сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірі саналады. Онда күшті және жойқын жер сілкінісі бұрын да болған. Мысалы, 1999 жылғы Измит жер сілкінісінің күші 7,6 балл болған. 1992 жылы 100 мыңнан аса адам тұратын Эрзинджан қаласы маңында 7-8 балдық жер сілкінісі болған.
Облысымыздың сейсмикалық қауіптілігіне қатысты Сейсмология институты директорының орынбасары оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктері сейсмикалық белсенді, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын атап өтті. Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейін сейсмикалық қауіпті жерлер бар, жер асты дүмпулері жетіден тоғыз баллға дейін жетуі мүмкін. Алматы аймағы да осыған байланысты аса қауіпті саналады, өйткені мұнда күшті жер сілкінісі 1887 және 1911 жылдары болған.
Сейсмология институты орта және ұзақ мерзімді болжамдар шеңберінде сейсмикалық жағдайды бағалайды. Орта мерзімді жоспар жылына екі рет – жыл басында және ортасында құрастырылады.
"Жақында ғана Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірледік, ол уәкілетті органдарға ұсынылды. Осы қорытындыға сәйкес, 2023 жыл ішінде Алматы полигоны аумағында жеті балдық жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайынғы қысқамерзімді қорытынды жасалады, ол 200-ден аса болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады. Осы тұжырымдар бойынша алдағы аптада бәрі тыныш болады", - деді Нұрсарсен Өзбеков.