Түркістанда алғаш рет робот арқылы миға күрделі ота жасалды

Qaz365.kz редакциясы

Паркинсон ауруы – ересек адамдарда болатын созылмалы ауру

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында алғаш рет жасанды интеллекті бар робот арқылы мидың терең бөлігіндегі аймақтарға және созылмалы ауру түрлеріне ең ауыр ота түрі жасалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жалпы науқастың паркинсонмен ауырғанына он жылдан астам уақыт болған. Осы уақыт аралығында дәрі-дәрмекпен жүріп, дертіне ем таппаған тұрғынның миына, дәрігерлер жасанды интелекті бар робот арқылы ота жасауға тоқталған. Жалпы паркинсон ауруы кезінде мидың нейрондары бұзылады және өледі. Аурудың негізгі белгілері қолдың дірілдеуі, қозғалыстың бәсеңдеуі немесе қозғалыстың бөгеліп қалуы, ауырсыну, қозғалыс динамикасы және психиканың бұзылуы сынды әрекеттер арқылы беріледі. Аурудың соңы мүгедектікке алып келеді. Статистикаға сүйенсек, ер адамдар әйелдерге қарағанда бұл ауруға жиі шалдығады екен.

Нейроорталықтың басшысы Асқар Бахтияровтың айтуынша, осыған дейін паркинсон ауруын дәрігерлер өздері өлшеп, үш кеңістіктегі мидың есебін оң- солы мен тереңдігін математикалық жолмен анықтайтын болған және бұл көп уақытты алады.

«Жалпы миға ота жасау ең нәзік ота түрі саналады. Оған арнайы навигация жүйесі мен жоспарлау станциясы керек. Ал роботта екі қондырғының қызметі үйлестірілген. Жасанды интелекттің өзінде навигациясымен жоспарлау станциясы да қарастырылған. Бүгінде біздің дәрігерлерге мидың 3D моделін жасап, керек нүктемізге дөп түсуге жол көрсететін ғылым жетістігі – жасанды робот», – дейді дәрігер.

Айта кетсек, паркинсон ауруы – ересек адамдарда болатын созылмалы ауру. Нейромедиатор дофамин болып қолданылатын орталық жүйке жүйесінің немесе орта мидың қара субстанция нейрондарының бүлініп немесе өліп қалуынан пайда болады.