Түркістан облысында 2024 жылдың 5 айында 20 мың 859 нәресте өмірге келген
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінде салмағы 5 келі 20 грамм сәби дүниеге келген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Арапбаеваның сөзінше өмірге жаңа келген нәрестені дұрыс күту-оның денсаулығының басты кепілі. Бала ауырмас үшін ана оның денесін таза ұстап, тамағын дұрыс беріп, дұрыс ұйықтата білуі керек.
«Жүкті әйел ота арқылы босанды. Отадан кейінгі нәресте мен әйелдің жағдайы қанағаттанарлық. Бүгінде ауруханамызда ана мен баланың денсаулығын жақсарту үшін барлық жағдай жасалған. 5 келі болып туған қыз баланың бойы 58 см. Қазіргі таңда, аурухананың перзентхана бөлімінде акушерлік-гинекологиялық көмек өз дәрежесінде сапалы көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, әйелдерге гигиеналық жағдайлар жасалынған. Сонымен қатар, босану залдарында табиғи жолмен босануға жағдай жасалынып, жүкті әйелдер үй жағдайындағыдай әртүрлі қимылда болады, еркін босануға мүмкіндік алады», – деді аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Арапбаева.
Жалпы Түркістан облысында 2024 жылдың 5 айында 20 мың 859 нәресте өмірге келген. Оның 136-ы егіздер болса, ал 5-еуі үшем. Ал, 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 1 маусымына дейін 71 668 нәресте туылған. Бұл жөнінен Түркістан өңірі республикада көшбасшылар қатарында тұр. Қазіргі кезде барлық медициналық ұйымда отбасын жоспарлау кабинеттерінің жұмысы жолға қойылған. Кабинеттің негізгі мақсаты – аналар мен сәбилердің денсаулығын нығайту, бала саны мен туу мезгілін дұрыс жоспарлау, контрацепцияның заманауи әдістері арқылы әйелдердің тым ерте, кеш немесе жиі жүкті болуына жол бермеу, асқыну қаупі жоғары жүктілікпен босану санын азайту.