Ана сүтінің бала денсаулығы мен дұрыс қалыптасуына маңызы қандай?

Qaz365.kz редакциясы

Елімізде жыл сайын Дүниежүзілік омырау сүтімен емізу апталығы атап өтіледі

Түркістан облысына қарасты Арыс аудандық орталық ауруханасында Дүниежүзілік бала емізу күніне орай Ашық есік күні өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Елімізде жыл сайын Дүниежүзілік омырау сүтімен емізу апталығы атап өтіледі. Осы ретте Арыс аудандық орталық ауруханасының мәжіліс залында Түркістан облысы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандарының қатысуымен семинар өтті. Мұнда мамандар баланы қалай дұрыс емізу керектігін және ана сүтінің пайдасы мен 6 айдан соң қандай тағамдар берген дұрыстығы жөнінде толық ақпарат беріп өтті. 

«Жаңа туған нәсерте негізінен ана сүтімен қоректенгені дұрыс. Осы кезде ана мен бала арасындағы биологиялық байланыс орнығады. Омырау сүті–нәрестелер үшін тамаша тағам. Ол қауіпсіз, зиянсыз және көптеген аурулардан қорғауға көмектесетін антиденелерден тұрады. Ана сүтін емген сәбилер интеллектуалды түрде жақсы дамиды, артық салмақтан аз зардап шегеді және қант диабетіне бейім болмайды. Алғашқы алты айда тек ана сүтімен емізу әйел адам үшін жүктіліктің алдын алудың сенімді факторы. Сондай-ақ, емізетін әйелдерде сүт безі мен аналық без қатерлі ісігі қаупі де төмендейді. Біздің елімізде де ана сүтімен емізуге үлкен мән беріледі. Емізу–ананың баламен эмоционалды байланысын күшейтетін, баланың психофизикалық дамуына жалпы қолайлы дамуды қамтамасыз ететін маңызды процестердің бірі. Болашақ аналарды омырау сүтімен емізуге дайындау әйелдің жүктілік кезеңінде оның денесінің физиологиялық өзгерістерін, баланы кеудеге салу тәсілдерін және тамақтандырудың жалпы ережелерін түсіндіруден басталады», – дейді Арыс аудандық орталық емханасының балалар бөлімінің медбикесі Айгүл Құрманғазина.