Орташа жөндеу аясында жаңа жаяу жүргіншілер өткелдері пайда болады
Биыл Алматы қаласында 274 көше 250 шақырымға жаңартылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде мегаполистегі жақсы жағдайдағы жолдың үлесін 92%-ға дейін артады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ал олардың сапасын бақылап, жол төсеу технологиясын қадағалауды Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мекемесінің Алматы филиалы қамтамасыз етеді. Бұл туралы аталған мекеменің баспасөз қызметі мәлімдеді.
20 магистральдық көшені жөндеу кезінде үлкен беріктік үшін полимерасфальтбетон қолданылады, ал қоспаның суып, тиісті талапқа сай қатуы үшін жөнделетін аумақ 36 сағатқа жабылады. Қала тұрғындары үшін қолайсыздықты азайту үшін жұмыс негізінен түнде жүргізіледі.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша магистральді көшелерді жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін, ал аудандық маңызы бар көшелердің жөндеуі қазан айының соңына дейін аяқталады. Жаңа жол жабынын төсеу барысын қала әкімдігімен келісімшарт негізінде Жол активтері сапасының ұлттық орталығының мамандары қадағалауда. Орташа жөндеу жұмыстарына қатысып, құрылыс материалдары мен жұмыс сапасын тексеріп жүрген Алматы филиалының инженері Әлібек Жақсылықтың айтуынша, биыл да жаңа жолдардың төзімділігін арттыратын қоспалар пайдаланылуда.
«Магистраль көшелердің жол жабынына қиыршық тасты асфальтбетонға полимертитан қоспасы қосылуда. Бұл жолдың беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің мекеме қызметкерлері қаланың әр бөлігіндегі орташа жөндеу жұмыстарына тұрақты түрде қатысамыз. Құрылыс материалдарынан сынама алып зертханаға жөнелдеміз. Жол төсеу барысы барлық техникалық талаптарға сай болуын қадағалаймыз», - дейді сапаны бақылаушы инженер маман.
Орташа жөндеу аясында жаңа жаяу жүргіншілер өткелдері мен қауіпсіздік аралдары пайда болады. Сонымен қатар жаяу жүргінші жолдары жаңартылып, жол жиегіндегі зақымдалған арық науалар ауыстырылады.