Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы аналарға арналған ашық есік күнін өткізді

Qaz365.kz редакциясы

Ана сүті – өмірге жаңа келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының «Баланың дамуын бақылау кабинетінде» ана сүтінің балаға пайдасы туралы аналарға ашық есік күні өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ана сүті – өмірге жаңа келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек.

Оның құрамында нәрестенің қалыпты өсіп дамуына жеткілікті мөлшерде болатын барлық қажетті заттар: нәруыздар, майлар, лактоза, дәрумендер, темір, су, ферменттер болады. Сонымен қатар ана сүті жұқпалы аурудардан қорғайды және аллергия, диабет және артық салмақтың даму мүмкіндігін азайтады.

Мамандардың айтуынша, ана сүтімен тамақтанбаған бала әлсіз, аурушаң келеді. Себебі, ас қорыту ферменттері толық жетілмегендіктен сәби басқа тамақты тұтынуға дайын болмайды. Ал ана сүті оның ағзасындағы ас қорыту мен заттек алмасу ерекшеліктеріне толығымен сай келеді. Сондықтан сәби өмірінің алғашқы 2 жылында және алғашқы айларында ана сүтімен қоректенгені абзал.

Баланы омырау сүтімен емізу тек сәби үшін ғана емес жаңа туған ана үшін де маңызды: сүт безі мен аналық бездің қатерлі ісігінің қаупі төмендеп, босанғаннан кейін тезірек қалыпқа келеді, психологиялық және эмоционалдық жағдайынына оң әсер беріп, баламен қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.

Ана сүтін ешқандай сүт қоспасы алмастыра алмайды. Мамандардың айтуынша, сүт қоспаларында кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Сондықтан сәбиді мүмкіндігінше емізіп, дендерінің сау болуына, сана-сезімдерінің, жүйке-психикасының дұрыс дамуына, физикалық өсуіне мән беріп, омыраудан шығаруға асықпаған абзал.

Жыл сайын 1-7-тамыз аралығында бүкіл әлемде ана сүтін еметін балалардың денсаулықтарын нығайту үшін, емшек емізуді насихаттауға бағытталған Дүниежүзілік бала емізу апталығы өткізіледі. Бұл апта 1990 жылдың тамыз айында елдердің үкіметтерінің, ДДҰ, ЮНИСЕФ және басқа да ұйымдардың жоғары лауазымды тұлғалары қол қойған емшек емізуді ынталандыру және қолдау туралы Инночентиялық декларацияның құрметіне орай бектілген болатын.