Кене шаққан немесе кенемен жанасты болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымдарға қаралу керек
Түркістан облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы расталған 8 жағдай тіркелген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы белгілері дене қызуы кенеттен 38 және де одан да жоғары көтерілуі және қатты бас ауруы, көздің қызаруы, бет,мойын, арқа, белдің ауырсынуы, құсу немесе іш ауруы, іш өтуінен басталады. Ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелердің пайда болуы, мұрыннан және қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету және қанталау белгілерінің байқалады. Бұл туралы Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекциялар және туреркулезі эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Қайрат Серік айтты.
«Кене шаққан немесе кенемен жанасты болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымдарға қаралу керек. Сондай-ақ, 14 күн бойы медициналық бақылауда болу қажет. Тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін кене шағып, ауру жұқтырып алу қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды. Аудан тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, мейлінше дененің барлық жерін жауып тұратын, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұраймыз. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз», - дейді Қайрат Серік.