Жазғы COVID: дәрігер маман денсаулықты сақтауда бірнеше маңызды кеңес берді

Qaz365.kz редакциясы

Биыл жазда күн қанша ыстық болса да тұмауратып жүрген адам жетерлік

Фото: Qaz365.kz

Дәрігер-хирург Абзал Малбасқанов COVID-19 вирусының жаңа толқыны қайта тарағанын ескертіп, бірнеше маңызды кеңес айтты.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздарымен кездеседі деп жоспары коронавирусқа байланысты өтпей қалған еді. Өйткені спортшылардың жартысына жуығынан коронавирус анықталуына байланысты іс-шара кейінге шегерілген. Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, спортшылар мен бапкерлердің жартысына COVID-19 диагнозы қойылған.

Абзал Малбасқановтың сөзінше, 2024 жылы COVID-19 вирусының жаңа толқыны қайта көтеріліп, оның «Омикрон» штамы тағы да пайда болған. Жаңа штамның таралуы жылдам дейді ол. Дәрігер бірнеше тиімді шараларды ұсынады.

«Иммунитетіңізді күшейтіңіз! Дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, және дәрумендерді қабылдау – сіздің қорғаныс қабілетіңізді арттырады.
Гигиенаға мән беріңіз! Қолды жиі жуу және антисептик қолдану вирустардан сақтанудың маңызды қадамы.
Қашықтықты сақтаңыз! Қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтау арқылы вирустың таралуын азайтуға болады.
Маска киюді ұмытпаңыз: Маска – вирустың таралуына тосқауыл болудың ең тиімді жолы.
Вакцинациядан өтіңіз! Вакцина – ең сенімді қорғау жолдарының бірі», - дейді ол.

Биыл жазда күн қанша ыстық болса да тұмауратып жүрген адам жетерлік. Азаматтар әлеуметтік желіде тамағы ауырып, денесінде әлсіздік пайда болғанын жазып жатыр. Кейбір азаматтар мұны коронавируспен байланыстырады.