Адам папилломасы вирусы – онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі

Qaz365.kz редакциясы

Алдағы АПВ -ға қарсы вакцинациялау науқанына ҚР Үкіметі 9,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп отыр

Түркістан облысына қарасты, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында Адам папилломасы вирусы ауруына қарсы вакцинация жөнінде семинар кеңес өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Адам папилломасы вирусы ауруына қарсы вакцинациялау туралы» семинар кеңес өтті. Семинар кеңеске ауыл округі әкімдері, білім бөлімі мамандары, мектеп директорлары қатысты. Қазығұрт ауданына арнайы келген республикалық жұмысшы топ алдағы 4 ші тоқсаннан бастап 11 жастағы қыз балаларға аталған вирусқа қарсы салынатын вакцина жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Алдағы АПВ -ға қарсы вакцинациялау науқанына ҚР Үкіметі 9,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп отыр. Оған 351 мыңнан астам доза мөлшерінде вакцина сатып алынады. Жұқпалы аурулардан туындаған онкологиялық аурулардың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында нысаналы топтың кемінде 95%-ын қамтитын 11 жастағы жасөспірім қыздарды папилломалық вирусқа қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру және өткізу жоспарлануда. Бұл жұмыс 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Кездесуде тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.

Адам папилломасы вирусы көпшілікті мазаламауы мүмкін. Бірақ кейбір папилломавирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі де мүмкін. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папилломасы вирусын жұқтыруымен байланысты. Бұл туралы көптеген ғылыми зерттеулер жасалған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын осы вирус тудырады. Жатыр мойны обырының 70%-ы аталған вирус штаммдарының екі түрінен туындайды. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін.