Жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтар, сондай-ақ ақшалай сертификаттар алды
Отбасы – өмірдегі ең маңызды құндылықтардың бірі, әрбір адамның өмірінде ең маңызды орын алады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мерейлі отбасы» байқауы отбасылық құндылықтар – берік достық, сүйіспеншілік, өзара сыйластық, болашақ ұрпақты, еліміздің нағыз азаматтарын тәрбиелеуге бағытталған.
Абай облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов жалпы байқауға облыстың барлық аудандарынан 100-ден астам отбасы қатысып, облыстық кезеңге 21 отбасы іріктелгенін ерекше атап өтті.
«Отбасында баланың бойында болашақ тұлғаның негізі қаланады. Қоғамда отбасы ерекше құндылыққа ие», - деді Арман Жемагулов.
Байқау қорытындысы бойынша I орынды Бесқарағай ауданынан келген Смағұловтар отбасы, II орынды Абай ауданынан Оразалы отбасы, III орынды Үржар ауданынан келген Кәп отбасы және Семей қаласынан Нұрахметовтар отбасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтар, сондай-ақ ақшалай сертификаттар алды. Салтанатты іс-шара соңында қонақтар үшін мерекелік концерт өткізілді.