Сарыағашта жатыр мойыны қатерлі ісігін алдын алу шаралары түсіндірілді

Qaz365.kz редакциясы

Жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялар арасында ІІ орында тұр

Түркістан облысына қарасты, Сарығаш ауданындағы мектептерде жатыр мойыны қатерлі ісігінің алдын алу және адам папилломавирусына қарсы вакцинацияның маңыздылығы туралы түсіндірілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сарыағаш ауданында өткен семинарда ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық ғылыми практикалық орталығы» филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева Қазақстанда жатыр мойнының қатерлі ісігі әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар арасында екінші орында тұрғандығын мәлімдеді. Сонымен қатар, кездесуде Сарығаш аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері Адам папилломавирусы жатыр мойнының қатерлі ісігінің негізгі себебі болып табылатынын және оны АПВ-ға қарсы вакцинация арқылы алдын алуға болатындығын айтты.

Жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін онкопатологиялар арасында ІІ орында тұр. АПВ инфекциясының жатыр мойны обырына алып келетіні ғылыммен дәлелденген. Вирус қауіпті, өйткені ол тез таралады, жасушалардың обырын туындату қоздырғышына айналады және нәтижесінде қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. Осы орайда семинарда дәрігерлер бұл вирустың ағзада қайдан пайда болатынын және вакцина салдырудың қаншалықты тиімді екенін түсіндірді.

Айта кетсек, жыл сайын бұл аурудың шамамен 1900 жаңа жағдайы тіркеледі, ал шамамен 600 әйел осы аурудан қайтыс болады. Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 125-тен астам ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізді. Орталық Азия елдері бойынша, көршілес Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан АПВ қарсы вакцинацияны енгізген. Ең тиімді қорғану әдісі - вакцинация. Вакцинамен қорғануға болатын - жалғыз қатерлі ісік түрі – бұл жатыр мойны обыры.