Адам папиллома вирусы: Мақтаараал тұрғындарына хабардар етілді

Qaz365.kz редакциясы

Адам папиллома вирусы 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады

Фото: gov.kz

Түркістан облысына қарасты, Мақтарал ауданының тұрғындарына Адам папиллома вирусына қарсы екпе егілетіндігі жайында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, вакцинаның тиімділігі жайында айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мақтаарал аудан әкімдігінде адам папилломасы вирусына қарсы екпе егілетіндігі жөнінде ақпараттар айтылды. Жиынға ауданы әкімі аппараты, мектеп директорлары мен олардың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, СЭББ мамандары, онколог, гинеколог, иммунолог мамандары қатысты. Жатыр мойны обырының дамуы - әйелдің адам папиллома вирусын жұқтыруымен тікелей байланысты. Бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 95% - дан астам жағдайда жатыр мойны обырын (ЖМО) адам папиллома вирусы (АПВ) тудырады. АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы вирус жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары. Бүгінде елімізде осы вирустың алдын алу мақсатында вакцинациялау жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 11-14 жас аралығындағы қыздарға ата-анасының рұқсатымен екпе жұмыстары жүргізілмек.

Адам папиллома вирусы 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады. АПВ сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары арасында ең көп таралған және агрессивті патология. Вирус көмей мен ауыз қуысының, тік ішектің, вульваның және қынаптың, жатыр мойнының қатерлі ісігінің дамуын қоздырады. АПВ жұқтырған кезде пайда болатын аурулар жыныс сүйелдерінің пайда болуы, тыныс алу жолдарының папилломатозының дамуы, ісік процесінің дамуымен жыныс мүшелерінің зақымдануы.