Дәрігердің сөзінше, әйел бала көтерместен үш ай бұрын дайындалуы тиіс
Түркістан облысына қарасты, Ордабасы аудандық орталық ауруханасында жүкті әйелдерге семинар сабақ өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ордабасы аудандық орталық ауруханасының Отбасын жоспарлау мектебінің акушер-гинеколог дәрігері Ш.Лағышпанқызы жүкті әйелдерге семинар сабақ өткізді. Семинар барысында отбасын жоспарлау, бала көтеріп, дүниеге дені сау бала әкелуге дұрыс дайындалуға бағытталған білім беру, медициналық және әлеуметтік іс-шаралар кешенін айтты. Сонымен қатар, отбасын жоспарлаудың заманауи әдістеріне тууды бақылау, репродуктивті көмекші технологиялар және отбасын жоспарлау бағдарламалары кіретіндігін жеткізді. Сабақ жастардың отбасын жоспарлаудың заманауи ережелері, оның ішінде контрацепция әдістері туралы хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Одан бөлек, балалы болу уақыт аралығын анықтауға, контрацепция мен бедеулікті емдеудің қауіпсіз әдістерін дұрыс таңдауға және қолдануға үйретеді. Семинар барысында жүкті әйелдер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ақпараттық оқу материалдары таратылды.
Дәрігердің сөзінше, әйел бала көтерместен үш ай бұрын дайындалуы тиіс. Ерлі-зайыптыларға әртүрлі витаминдер қабылдап, профилактикалық тексерулерден өтуге кеңес береміз. Ал, әйел адам гинекологиялық аурулармен қатар тістерін де емдеткені жөн. Сонымен бірге, майлы тағамдарды аз қолданып, көбіне витаминдер жегені жөн. ДДҰ анықтамасына сәйкес отбасын жоспарлау-бұл сау және қалаулы балалардың туылуы үшін репродуктивті функцияны бақылауды қамтамасыз ету. Отбасын жоспарлау қажетті жүктілікке дайындықты, бедеулік жұптарды тексеруді және емдеуді, контрацепцияны, қажетсіз жүктілікті тоқтатуды қамтиды.