Имамның айтуынша, қазақ тіліне араб тілінен құлшылыққа қатысты сөздер ғана енген.
Әлеуметтік желіде танымал имам Қабылбек Әліпбайұлының қазақ тілі мен араб тіліне қатысты айтқан сөзі қызу талқыға түскені белгілі. Көпшілік имамның қандай мағынада айтпақ болғанын түсінбегені анық. Видеода имам араб тілі қазақ тілін бұзбағанын, қайта қазақ тіліндегі сөздің 70 пайызы араб тілінен енгенін айтқан болатын. Бүгін белгілі ұстаз көпшіліктің алдына шығып, сөздің дұрыс мағынасын түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Имамның айтуынша, қазақ тіліне араб тілінен құлшылыққа қатысты сөздер ғана енген.
«Ассалаумағалейкүм, қазақ елі. Қазір сапарлатып жүр едім. Бірақ мынау әлеуметтік желіде қазақ тілінің 70% сөзі арабтардан кірген деген мәселе талқыланып жатқанып көріп жатырмын. Оны қолдап, дұрыс мағынада түсінуге шақырып жатқан кісілерге Алла разы болсын. Жалпы ол жерде мен қазақ тілінде араб тілінен енген кірме сөздердің бар екенін айттым. Соның ішінде діни біліміміз бен құлшылық жасауымызға қатысты сөздің 70%-ы арабтан енгенін айттым. Ол жерде мен осы туралы меңзеген едім. Жалпылама қазақ тілінің лексикасына қатысты мәселе емес. Біздің қазақ тілінің бай тіл екені белгілі. Оны мақтанып айтып жүреміз. Мысалы, ұстаз, мешіт, медресе секілді арабтың сөздері құлшылық жасауға қатысты кірме сөз қатарына енгенін айттым. Намаз деген сөз парсы тілінен енген. Сол секілді құлшылыққа қатысты кей сөздер түрік тілінен де енген. Осылайша құлшылықта қолданып жүрген сөзіміздің 70%-ы араб тілінен енгенін айттым. Құрметті қазақ елі, соны дұрыс түсінуге тырысамын. Олай сөзді бұрмаламауға шақырамын. Біздің қазақ тілі – өте бай тіл», – деді ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы.