Баспасөз картасы ешқандай шектеу жасауға бағытталмаған - министрлік өкілі

Qaz365.kz редакциясы

Заң жобасын әзірлеген департамент басшысы баспасөз картасына қатысты сұрақтарға жауап берді

osken-onir.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіндегі осы заң жобасын әзірлеген департаменттің басшысы Жасұлан Өмірәлиев өзінің Facebook парақшасында баспасөз картасына қатысты кейбір сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

8 ақпанда Астана мен Алматыда журналистер мен құқық қорғаушылар баспасөз мәслихатын өткізіп, «Масс-медиа туралы» заң жобасының шикі тұстарын атап өтті. «Қазақстандағы медианың өзін-өзі реттеу жөніндегі комитеті» мүшесі, журналист Жұлдыз Әбділда баспасөз картасы жобаға енгізілген сәттен бастап, көптеген пікір туындағанын айтқан болатын. Оның айтуынша, баспасөз картасы – журналистерді қысымда ұстайтын тетік.

Жасұлан Өмірәлиевтің айтуынша, ұсынылған баспасөз картасы ешқандай шектеу жасауға бағытталмаған.

“Ұсынылған баспасөз картасы ешқандай шектеу жасауға бағытталмаған. Мысалы, жалпы журналистің құқықтары және аккредитациялау мүмкіндігіне, сауал жіберу және басқа да құқықтарына (25-бап) заңмен кепілдік берілген. Сол үшін ертең журналист баспасөз-картаға ие болмаса да, өз кәсіби жұмысын атқаруға барлық заңды кепілдіктері бар. Пресс-карта бұған әсер етпейді. Баспасөз картасы жоқ журналист мемлекеттік органда аккредитациялана алмайды, сауалға жауап ала алмайды деген мәселе жжоқ, шектеу болмайды”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол фрилансер журналистердің де баспасөз картасын ала алатынын айтып өтті.

“Фрилансер журналистердің баспасөз картасын алуға мүмкіндігі бар. “30 баптың 3 тармақшасы: Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететін бұқаралық ақпарат құралдарымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастардың болуы;”. Бәріңізге мәлім, кәсіби журналист фрилансер болып, бірнеше БАҚ-тың редакциясымен ашық келісім-шартпен материал жазып, айдың аяғында өз төлемін алады. Сондықтан фрилансерлер де қаласа, баспасөз картасын алуға мүмкіндігі болады”, – деді Жасұлан Өмірәлиев.

Ол баспасөз картасын беретін комиссия туралы мәліметті нақтылап, толықтыратындарын айтты.

“Баспасөз картасын кім береді? Арнайы комиссия. Комиссия саланың өкілдерінен, ардагерлерінен, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерінен, депутаттардан құралады. Олар шешімді өздері қабылдайды. Саланың өкілдері комиссияның мүшесі болып өздері шешеді. Уәкілетті мемлекеттік орган (АҚДМ) бұл жерде тек қана ұйымдастырушылық жұмыспен айналысады. Қазір біз түсініп отырмыз, жарияланған жобаның нұсқасында бұл мәлімет түсініксіз, сұрақтар туындатады. Бұл жерлерді нақтылап толықтырып жазып, өзгертеміз”, – деп түсіндірді заң жобасына жауапты департамент басшысы.

Оның айтуынша, баспасөз картасын берудегі мақсат – кәсіби журналистердің мәртебесін көтеру, оларға жеңілдіктер мен қосымша кепілдіктерді беру мүмкіндігін жасау.

“Баспасөз картасын берудегі мақсат қандай? Кәсіби журналистердің мәртебесін көтеру, оларға жеңілдіктер мен қосымша кепілдіктерді беру мүмкіндігін жасау. Мысалы, журналистің кәсіби тәжірибесін көтеру үшін тегін оқу іс-шаралар жасау, ипотекаға үй алу мәселесінен көмектесу, тұрақты аккредитацияны алу, болашақта салық төлемдеріне жеңілдік беру, редакцияның тапсырысы бойынша іс-сапарлардың тасымал билеттеріне жеңілдік жасау және тағы басқа мүмкіндіктерге жол ашады”, – деп анықтай түсті ол.

Жазба соңында Жасұлан Өмірәлиев баспасөз картасы журналистен қандай жағдайда алынатынын түсіндірді.

“Журналистен баспасөз картасы қай жағдайда алынуы мүмкін? Өзі жазатын БАҚ редакциясында бекітілген этикаға бағынбай, жалған ақпаратты тұрақты түрде жазса, жоғарыда айтылған салалық комиссияның шешім қабылдауға құқығы бар. Бұл комиссиядан басқа ешкім ондай шешім қабылда алмайды”, – деп аяқтады ол.