Алматыда арнайы мамандар қала жолдарын қатаң тексеруге кірісті

Qaz365.kz редакциясы

Ол тексеру нәтижесі Автомобиль жолдары комитетіне жолданатынын айтты

Алматыда жер асты құбырларын ауыстырғаннан кейін жол жабынын қалпына келтіру жұмыстары дұрыс орындалмайды. Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры Мәулен Әліпов айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Қаладағы инженерлік желілерді ауыстырудан кейінгі жол қабатын қалпына келтіру мәселесі өзекті. Оның сапасына жиі сын айтылады. Қала тұрғындарынан да дәл осы мәселеге қатысты шағым көп айтылады. Сондықтан Автомобиль жолдары комитетінің арнайы тапсырмасы аясында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы филиалы аталған нысандарға тексеру жұмыстарына қатысады. Басты мақсат – сараптамамен қамтылмаған жөндеу-құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралау», - деді Мәулен Әліпов.

Ол тексеру нәтижесі Автомобиль жолдары комитетіне жолданатынын айтты. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша күрделі мәселелердің бірі – жер асты құбырларын ауыстырғаннан кейін жол жабынын қалпына келтіру жұмыстарының нашар орындалуы деп отыр.

«Бұл бағдарламаны Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жүзеге асырады. Қазіргі таңда біздің мекеме келісімшарт болмағандықтан аталған жұмыстардың сапасын сараптай алмайды. Біз өз тарапымыздан аталған басқармаға келісімшартқа отыру туралы бірнеше мәрте хат жолдадық, бірақ оң нәтиже жоқ. Алайда тамыз айында Автомобиль жолдары комитетінен біздің мекемеге сапа сараптамасымен қамтылмаған нысандарға тексеріс жүргізу туралы тапсырма берілді. Осы тапсырма аясында жоғарыда аталған нысандарда тексеру жұмыстарын бастадық. Нәтижесі тапсырыс берушіге, мердігерге, сондай-ақ Автомобиль жолдары комитетінене жолданады», - дейді филиал директоры.

 «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматыда сараптама жасалмаған 22 нысан анықтады. Алғашқы күні соның алтауына тексеріс жасалды. Жол қабатынан сынама алынды, беткі тегістігі тексерілді. Алдағы күндері сапаны бақылаушы мекеме барлық жөндеу және құрылыс жұмыстары жүрген, алайда сараптамамен қамтылмаған өзге нысандарды да араламақшы.