«Үйде қант болмай қалса да сатпады»: актер Ұлан Нүсіпәлі марқұм Заманбек Нұрқаділов сыйлаған алтын сағатын көрсетті

Qaz365.kz редакциясы

Блогер сағатты аукционда сатылатынын хабарлады

Кезінде «Терісқақпай» театры арқылы қалың көрерменнің жүрегінен орын алған актер Ұлан Нүсіпәлі марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің сыйлаған алтын сағатын көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы өнер иесінің ұлы Ақарыс өзінің инстаграм парақшасында бөлісті. 

«Алматының алғашқы әкімі болған Заманбек Нұрқаділов әкесін қатты жақсы көретін. Себебі әкем Нарынқолдан келген ауылдың баласы – өнерлі болатын. Ал Заманбек аға ауылдың өнерлі балаларын қолдағанды жақсы көретін. 1999 жылы Заманбек аға мен Мақпал апа Есік қаласында демалыстарын өткізіп жатқан еді. Анам ол кезде маған аяғы ауыр екен. Әкем Заманбек ағамен амандасып қайтайын деп барған еді, Заманбек аға қолындағы сағатын әкеме тағып, «Інім, мына сағат сенде болсын! Бірақ сатып жіберме!» деп сыйлық жасаған екен. Бірнеше күннен кейін Мақпал апа сол сағаттың қорабын, чектарын, гарантийный талондарын әкеме әкеліп беріпті. Содан біраз уақыт өткен соң әкем Заманбек ағамен кездескенде әкемнің қолында сағат жоқ екен. Заманбек аға «Сағатты сатып жіберген жоқсың ба?» деп сұрапты. Әкем «Жоқ, дәрет алып жатқанда шешіп, бір жерге тастап кетемін ба деп қорқып, үйге қойып қойғанмын. Сіздің сағатыңызды сатпаймын ғой, Зәке» деп уәде берген – дейді блогер өз жазбасында.
 
Блогердің сөзінше, Заманбек Нұрқаділов «Терісқақпай» театрын әркез қолдап отырған. Саясаткер 2005 жылы қайтыс болғаннан кейін әкесі сағатты тақпаған. Өнер иесі «Ағамның көзі ғой» деп сақтап қойыпты. Алайда 2005 жылдан бері отбасында қиын кезеңдер болған. Тіпті үйде қарапайым қант та болмаған кездерді бастан кешкен. Сол кездерде талай кісілер «Зәкеңнің сағатын бізге бәлембай мың долларға сатшы» деп сұраған екен. Алайда әкесі сағатты сату туралы ойына да алмаған.

Ақарыс пен әкесі екеуі ақылдасып, сағатты аукционда сатылатынын хабарлады.

«Осы жылы әкем екеуміз Заманбек ағаның сағатын “Sham мектебінің аукционына берейік” деп шешім қабылдадық. Себебі Заманбек ағаның тірі кезіндегі мақсатының бірі – ауылдағы өнерлі балаларды қолдау еді», - дейді Ақарыс.