Үміткерлерден барлығы 30 мың өтініш келіп түскен
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1 476 800 теңге көлемінде грантты қанша азаматтың алғаны жөнінде ақпаратты жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтары қатарынан 8 941 адам грант алған. Оның 5 769-ы ауыл тұрғындары. 2024 жылы барлығы 9000 грант беру жоспарланған болатын.
Гранттар негізінен мал шаруашылығына - 2 331, мүкәммалды, еңбек құралдарын сатып алуға - 2 425, технологиялық жабдықтарды сатып алуға - 3 941 берілген. Тағы 5 646 грант көпбалалы отбасы мүшелеріне, 1 446-і мүгедектігі бар адамдарға, 1 045-і мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, 253-і атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 365-і асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға, 151-і қоныс аударушыларға және 35-қандастарға берілген.
Үміткерлерден барлығы 30 мың өтініш келіп түскен. Оның ішінде көпбалалы отбасылардан - 19,4 мың, мүгедектігі бар адамдардан - 4,7 мың адам бар.
Ең көп өтінім Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындарынан келіп түсті.
Гранттарды еңбек ұтқырлығы орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға кандидаттың жеке кабинетінде көрсетіледі.
Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.