Үйде отырған данышпаннан, дала кезген ақымақ артық – жиһанкез Сәрсенбай Оспанұлы

Qaz365.kz редакциясы

Ол еңбек жолын 9 жасында жүк тиеуші болып бастаған

73 жастағы ұлытаулық ақсақал қазақ жастарына ғана емес, әлем халқына өнеге көрсетіп келеді. Қария қартайдым демейді, керісінше осы жаста екінші тынысы ашылғанын айтады. Өскелең ұрпаққа патриоттықтың қандай болатынын көрсету үшін алдымен Қазақстанның 17 ауданын жаяу жүріп өтті. Басты мақсаты – өзінен кейінгі ұрпақтың есінде өнегелі ісімен қалу.

Жиһанкез Сәрсенбай Оспанұлы еңбек жолын 9 жасында жүк тиеуші, қойшы болып бастаған. Кейін құрылысшы, автокраншы, агроном болып қызмет етеді. Жұмыс түрін талғамай, қаршадайынан еңбек етуге әбден ысылған. Қолынан бұйым жасау да келеді. Себебі «жігітке жетпіс өнер де аз» деген қағиданы берік ұстанған Сәрсенбай ақсақалдың жастарға үлгі болар сан қыры оқылмаған жаңа кітап сияқты.

Ағаш шебері, темір ұстасы болып та жұмыс істеп, өңірінде жан-жақтылығымен танылған қария енді әр өңірдің ғана емес, дүниежүзін жаяу кезіп, сапарлатып жүр.

Qaz365.kz тілшісі көпті көрген ақсақалмен Қытайға шығып бара жатқан ұзақ сапарының алдында сұхбаттасып үлгерді.

- Сәрсенбай Оспанұлы, осы жасыңызда әлемді жаяу, жалғыз шарлауыңыздың себебе неде?

- Мен бала кезден еңбекке ерте араластым. Үйдің үлкені болғандықтан да, жауапкершілікті сезініп өстім. Өмірде артыңнан із қалдыру жайлы сөз жиі айтылады. Оны да әркім өзінше түсінеді. Жаңаарқадан шыққан қарапайым қазақ отбасында тәрбиеленген бала едім. Осы күнге дейін маңдай термен, адал еңбегіммен жұмыс істедім, әлі де ұсталық саласындамын. Қазір заман ағымы тез өзгеріп келеді. «Еліміздің жастарына қалай үлгі көрсете аламын, қандай өнеге бере аламын?» деген сұрақтар мені үнемі мазалайтын.

Бүгінгі бейбіт күннің балалары тоқшылықта өмір сүруде. Ғаламтор дамыған уақыт. Не ішем, не жеймін демейді. Бұл отбасында өзара тілдесуге, ана тілінде еркін сөйлеуге, өткен тарихын жете тануға, қазақы болмысынан айнымауға кедергі келтіріп отыр.

6 айда 17 ауданды жүріп өткен

Қазір біреуге ақыл айтатын заман емес. «Бала айтқанды емес, көргенді істейді» дейді. Соны желеу етіп, өткен жылдан бастап, еліміздің 17 ауданын алты айда жаяу аралап шықтым. Бір Қазақстанның әр өңірінің тұрмыс-тіршілігі, ұстанар салт-дәстүрі басқа, өздеріне сай мінез бар, терең тарихы бар. Қазір әлемді саяхаттау жайлы жиі айтылады. Мен отандастырыма, өскелең ұрпаққа алдымен өз еліңнің тау-тасын, бетпақ даласын, сай-саласына дейін көріп, топырағын басып, ауасын сезбесең, бәрі бекершілік деймін.

Дүниежүзілік саяхатымды да шетелден емес, еліміздің барлық аймағын өз көзіммен көріп болған соң, енді әлемді шарлаймын деген миссияға келдім.  Себебі өзге елдің тілі мен ділін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін танып, жаңа нәрсені үйрену – мидың жұмысын жақсартады. Жаяу жүріп әлемді шарлау – қонақүйде демалатын туристердің эмоциясымен салыстыруға келмейді. Себебі мұнда жолдағы кедергілер, шаршау, жапан далада аң-құсқа жем болу қаупі де жоқ емес.

Қорқыныш деген түсінік жоқ!

Бұл сапарым әлем – шексіздіктен тұрады, кеңістігіңнен шық, жайлы ортаңда отырма, қорқыныш деген түсінік жоқ. Ол миыңдағы үрейдің нәтижесі екенін түсіндірді. Осы жасымда түсінгенімді еліміздің жастары ертерек біліп, менің өмірлік жолымнан керек деп тапқандарын алып, өздерін шектемесе екен деймін.

Әлем – мүмкіндіктерге толы. Жүріп өткен әрбір жолым – бақытым мен қуанышты сәттерімнің жемісі. Себебі ол Құдай берген күш-қуатпен жүзеге асып отыр. «Қартайған уақытта мына шал алжиын депті» дейтіндерге берер жауабым мынау – «үйде отырған данышпаннан дала кезген ақымақ артық». Бұл моңғол нақылы. Тауып айтылған. Румидің «Сен жолға шық, жол өзі апарады» деген даналығы бар. Ал қазақ мұны «Жүргенге жөргем ілінеді» дейді.

Уақыт көз ілестірмей өтіп жатыр. Ал біздің білмейтін қаншама ілімдеріміз бар, көрмеген жерлеріміз, аша алмаған, түбіне жетпеген сырларымыз бар. Мен жастардың мағыналы өмірді телефонға телмірумен өткізгенін қаламаймын. Қолдан келгенше заманауи болайық деп, әлеуметтік желілерде де барған жерлерімді салып, алған әсеріммен бөлісіп отырамын. Мені қолдайтын жанашыр оқырмандарым бар. Бойыма қуат тілеп, сапарыма сәттілік айтатындар көп. Қай жерде жүрсем де, алдымда кездескен жаспен жолығып, білгенімді айтып қана қоймай, олардан жаңа нәрсе үйренуге тырысамын.

Ендігі ұзақ саяхатыңызды 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнап, Қытайға 3 айлық сапарға аттандыңыз. Осы жайында айтып беріңізші.

Бұл сапарым 3000 шақырымды құрайды. Өскеменнен шығып, күніге 40 мың шақырым жүріп өтемін деп мақсат еттік. Қытайға Алтай мен Моңғолия арқылы жетуді жоспарладым. Осы саяхатымды Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арнадым. Дала кезген, несібесін сырттан іздеп, танымын кеңітемін деген ерлердің әрбірі түзде жүріп, үлкен істерді тындырады. Өрісіңді биіктетін – үлкен сапар. Жастарға, менен кейінгі буынға да үнемі қозғалыста болыңыздар деймін. Тұрған судың саситыны сияқты, бір орында қалған адам жүйесіз, мағынасыз өмір сүреді. Ал жоспарсыз күйбең тірлік мәнсіздікке апарады. Оның арты мәңгілік өкінішке ұласады.

Өмірде ең оңай нәрсе – білмеймін деген сөз

«Мұсылманның бір күні екінші күнге ұқсамауы керек» дейді. Менен «бізге  қандай ақыл айтасыз? Бата беріңізші» деп жастар жиі сұрайды. Айтарым, күніге жаңа нәрсені үйрен, таны, зертте деймін. Өмірде ең оңай нәрсе – білмеймін деген сөз. Ол миыңа ауыртпалық түсірмеу үшін айтылған еріншектігің ғана. Мидың мүмкіндігі алапат. Сенімнің күші адуын. Тек дұрыс ойлана алу дағдысын қалыптастыру керек. Ал ойлану – оңашалануды қажет етеді. Тыныштықтағы адам ғана әлемге өзіндегі шексіздікті бере алады. Ол үшін жүру керек. Өмірдің мәні – қозғалыс. Әрекет қана бізді алға жетелейді.

Ауылда мешіт салыпсыз. Немере, шөбере де сүйдіңіз. Ұсталық жұмысыңыз тағы бар. Сіз жасамаған не қалды?

Әкем соғыстан мүгедек боп қайтты. 9 жасымда шешем төсек тартып жатты. Артымда екі інім мен қарындасым бар. Мен сол кезде баламын демей, есею керегін түсіндім. Еңбекке араластым. Мені «робот адам» деп атайтындар көп. «Сіз жасамаған не қалды?» деген сұрағыңызға: мен білмейтін ілім көп, сол үшін де дүниежүзін саяхаттауға шықтым деймін. Адам қанша жасқа келсе де, «болдым, толдым» дей алмайды. Ал солай деген күні – дамуын тоқтатады. Халқымыз үлкенді көрсе, «көрер жарығы бар екен» деп айтады. Бірақ қарттардың халқы алдындағы, отбасы мен қарақан қу басының, арының алдындағы міндеті қандай? Қадірі қашып, өлімін күтіп жүргендер көп пе, әлде құрметке бөленіп, абырой жинап үлгеріп жүр ме? Жасарын жасаған адам өлімге дайындалуы керек пе, әлде өзіне «мен кіммін?» деген сұрақ қоюы керек пе?..

Шетсіз жолдар шексіз мүмкіндіктерді көрсетті

 Өмірден мән іздеген жандар көп. Ал сол мән іздегендер қалауын тапты деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ. Ендеше, кеудеңде жүрегің соғып тұрған сәтіңде өміріңді сүре біл. Өзгенің емес, өз өміріңді сапалы, саналы сүруді үйрен. Оны қалай үйренеміз? Өзімізге «мен кіммін?» деген сұрақты қоюмен кешегімізден биік боламыз. Басқа да емес, бар ойымыз біз қалаған ұлы істерде ғана болуы керек. Тек сол ғана бізді бақытты етеді. Жастарға еліңді, жеріңді, тіліңді, жеті атаңды, түп-тамырыңды жете таны, жақсы көр. Сәттерді сезін. Кешегі сәтсіздіктеріңе мойымай, ертеңіге алаңдамай, бүгініңмен өмір сүруді үйрен деймін. Менің жаяу жүрген саяхатым – «қорқыныш» пен «үрей» деген сөздің жоқ екенін үйретті. Шетсіз жолдар шексіз мүмкіндіктерді көрсетті.

Түркия, Ұлан-Батыр, Ресей, Грузия сынды көптеген мемлекеттерді жаяу аралап, енді тағы ұзақ сапарға шықтыңыз. Шекарадағы қиындықтарды қалай шешесіз? Қаржыңызды қалай басқарасыз? Демеушіңіз бар ма?

Менің демеушім – халық. Әлеуметтік желіде алдағы сапарларым мен  күндегі межелі міндет жайлы видеоүндеу жолдап отырамын. Осыған дейін аралаған шет мемлекеттерде өзіміздің қандас бауырларымыз қарсы алып, сол жердің жастарымен сүбелі сұхбат құрып жүрміз. Сапар кезінде өзге мемлекеттің мәдениеті мен тарихынан, әдет-ғұрпынан өзіме керектіні алдым. Мұражайларды араладым. Білген-түйгендерімді қағазға түртіп жүремін.

Адалдық – сан мүмкіндіктің есігін ашады

Мен өзімнен кейінгілерге бір ғана өсиет айта аламын. Барлық ісіңді арыңның алдында адал істе. Тек сол ғана сенің алдыңнан күтпеген тосынсыйлар мен мүмкіндіктер есігін ашады. Мен қарапайым ғана отбасынан шыққан, талай жыл қара шаруа істеген ұстамын. Әлі де сол қызметтемін. Қай ісімді де адал, еңбекқорлықпен сүйіп істедім. Құдайдың өзі жан-жақтан толассыз жақсылықтар есігін ашты. Ұлытаулық Қожахметов Бақтияр Сапарбекұлы есімді бауырымыз музейге жұмысқа шақырды. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің директоры еді. Өзі өлкетанушы, ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұра Комитетінің мүшесі. «Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» дейді. Мені ерекше жақын тартады. Әр сапарымда елшілікке шығып, сол жақтағы қазақтардың, жастардың табылуына атсалысып, демеушілер іздейді. Қартайған шалдың дүниежүзін аралаймын деген арманын біреулер еріккеннің ермегі деп, елемейтін де шығар... Бірақ Бақтияр бауырыма Құдай үлкен жүрек берген. Әйтпесе ол менің туысым да, танысым да емес. Тек жұмыс барысында танысқан адамым. Өмір сүруге деген құлшынысым оны ерекше шабыттандырды ма білмеймін, менің Жезқазған қаласынан пәтерлі болуыма да себепші болған жан. Әкімдікке шығып, әрдайым қолдауын көрсетіп жүреді.

Үлкен жүректі азамат

Карантин кезінде жұбайымнан айырылдым. Сол кезде Бақтияр бауырым өз үйінен бір бөлме беріп, «жұмысқа да жақын боласыз» деп мені үйінде тұруға көндірген болатын. Сапарларымның жол картасын сызып беріп, барлық жағдайымды жасады. Өз туған әке-шешесін қарттар үйіне тапсырып жатқан уақытта, бұл ақылға қонымсыз дүние. Бірақ әлемде пейілі кең, жүрегі ақ, ниеті таза жандар аз болса да, саз екен. Әлемді ұстап тұрған осындай мейірімді жандар. Сыйластықтан асқан не бар өмірде?!

Елдің бірлігі мен тұрақтылығы отбасынан басталады. Сенім мен жауапкершілік құндылықтарын сезінген Бақтиярдай азаматтар көп болса, еліміз бұдан да өркендей беретініне кәміл сенемін. Адамдардың бәрі бір-бірінен үйрену үшін келген. Мен оның үйінде тұрып, мынаны түсіндім: «Елінің патриоты қандай болуы керек?» десеңіз, шүбәсіз Бақтияр бауырымды айтамын. Мені «аға» деп сыйлағаны тек сөз жүзінде емес, әрдайым ісімен көрініс табады. Азаматтығы бір төбе алтын адам. Қарапайым ұстаның екінші тынысының ашылып, әлемді шарлауына себепкер болған Бақтиярдың 40-тан астам елді аралағаны маған үлкен шабыт берді. Оның шәй басындағы әңгімесін тыңдап отырып, Құдайдан қуат сұрап, осы жасымда қорықпай сапарлап жүрмін. Мен бұдан өзіңе адал бол! Сол адалдығың ғана сені шексіз әлемге апарады деп айтудан еш жалықпаймын!

- Сұхбатыңызға рахмет. Сапарыңыз сәтті болсын!