Түркістан облысында 270 мыннан астам адамға тұмау мен жрви-ге қарсы екпе салынады

Qaz365.kz редакциясы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев қазіргі таңда аймақтағы эпид ахуал туралы баяндады

Түркістан облысында тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы 271 348 дана «Гриппол+» екпесін тұрғындарға егу жұмыстары басталды , деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жалпы Түркістан облысында тұрғындардың 12,9%-на екпе егу жоспарланған. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді. 

«Түркістан облысы бойынша 2024 жылдың 8 айында жіті респираторлық вирустық инфекциясы бойынша (ЖРВИ)150 227 жағдай тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда ЖРВИ ауруын жұқтырған азаматтар саны 43,6% өскен. Сондықтан да ЖРВИ-ға қарсы иммундау науқаны биыл 1 қыркүйектен басталса, ал тұмауға қарсы иммундау науқаны 15 қыркүйектен басталды. Қазіргі уақытта облыстық қоймаға 50 000 дана екпе жеткізілген. ЖРВИ және COVID-19 инфекцияларының асқынуларына жол бермеу мақсатында өңір бойынша 1 қазанға дейін екпе жұмыстарын толық аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы жоспарлы профилактикалық егу халықтың осал топтарына, яғни  жүкті әйелдерге, диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектерге, алты айдан асқан және жиі ауыратын балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мектеп интернат балаларына, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тегін жүргізіледі», - деп баяндады спикер.

Сондай-ақ брифингке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев қазіргі таңда аймақтағы эпид ахуал туралы баяндады. Оның сөзінше қазіргі таңда облыс бойынша 686 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде ересектерге арналған - 241, балаларға арналған - 445, реанимациялық төсек-орын саны – 287. Бүгінгі күні инфекциялық төсек-орында жатқан науқас саны – 212, оның ішінде ЖРВИ саны – 203, пневмония бойынша – 9.