Түркістанда АПВ-ға қарсы вакцинация туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде

Qaz365.kz редакциясы

Алдағы АПВ-ға қарсы вакцинациялау науқанына ҚР Үкіметі 9,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп отыр

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп гимназиясында АПВ-ға қарсы вакцинациялау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазығұрт аудандық орталық емханасының акушер гинекологы А.Ж.Мүсіралиева алдағы 4-ші тоқсаннан бастап 11 жастағы қыз балаларға вирусқа қарсы салынатын вакцина жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуге ата-аналар мен мұғалімдер қатысты. Жиында АПВ вакцинасының тиімділігі мен вакцинадан кейін әйелдер арасында АПВ таралуының төмендеуі, ағзаға еніп, иммунитетті белсенді болуы туралы айтылды. Одан бөлек, иммундық жүйенің жасушалары адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған антиденелердің шығуын және вакцина қатерлі ісік ауруын тудырмайтындығы жайында сөз етілді. Сала мамандарының тақырып аясында түсіндіруден кейін, қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, үн парақшалар таратылды.

Айта кетсек, алдағы АПВ -ға қарсы вакцинациялау науқанына ҚР Үкіметі 9,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп отыр. Оған 351 мыңнан астам доза мөлшерінде вакцина сатып алынады. Жұқпалы аурулардан туындаған онкологиялық аурулардың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында нысаналы топтың кемінде 95%-ын қамтитын 11 жастағы жасөспірім қыздарды папилломалық вирусқа қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру және өткізу жоспарлануда. Бүгінгі күні бұл вирустың 200-ге жуық штамы зерттелген. Ең қауіптісі - 16 және 18-түрлері, олар онкогенді және жатыр мойнының және әйелдердің сыртқы жыныс мүшелерінің, ерлердің жыныс мүшелерінің, сонымен қатар шырышты қабаты бар басқа органдардың қатерлі ісігін тудырады. Бұл еліміздегі әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейін ең көп таралған онкология ауруы болып есептеледі.