Тиісті норма заң қабылданады
Енді мопедтер міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі қажет, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазір заңға қол қойылып, ол ресми жарияланады. Тиісті норма заң қабылданған кезден бастап 6 ай өткен соң қолданысқа енгізіледі», - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Журналистер вице-министрден мопедтерді мемлекеттік тіркеуден өткізу қай уақытта басталатынын сұрады.
«Жарты жыл уақыт беріледі. Мемлекеттік тіркеуден өтуді осы уақыт ішінде аяқтауыңыз керек. Заңға қол қойылған кезден бастап тіркеуден өтуге болады. Оны бірден жасаған жөн. Егер қажетті құжаттар болса, неге тіркеуден өтпеске? 6 ай уақыт береміз. Алтыншы айында барлығы тіркеуден өтуге барады, салдарынан кезек болатыны белгілі. Сондықтан да заңға қол қойылған кезден бастап бір ай ішінде тиісті құқықтық базаны реттейміз», - деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, заң жарияланып, жарты жыл өткеннен кейін мопед міндетті мемлекеттік тіркеуден өтпеген жағдайда ол айыппұл тұрағына қойылады.