Жоспарлы профилактикалық егу халықтың осал топтарына тегін жүргізіледі

Qaz365.kz редакциясы

Тұмау барлық жастағы адамдарда және жылдың кез келген уақытында кездеседі

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында тұрғындардың 12,9%-ын тұмауға қарсы екпемен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесовтың сөзінше өңірде тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы 271 348 дана «Гриппол+» екпесін тұрғындарға егу жұмыстары басталды.

«Жоспарлы профилактикалық егу халықтың осал топтарына тегін жүргізіледі. Олардың ішінде, медицина қызметкерлеріне, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдерге, диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектерге, алты айдан асқан және жиі ауыратын балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға,  сондай-ақ, мектеп интернат балаларына, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Қазіргі уақытта  облыстық қоймаға 50000 доза жетізілген, қалғандары күтілуде. Жеткізілуі бойынша қысқа мерзімде тиісті контингенттер мен топтарға екпелер ұйымдастырылып жүргізілетін болады. Сонымен қатар, облыста жұмыс берушілер есебінен мекеме, кәсіпорын жұмысшыларын егу мүмкіндіктері мен шаралары қарастырылуда. Егерде, жұмыс берушілер өз қаражаттары есебінен егу жасауды жөн көрсе келісім шарт негізінде егу жұмыстары жүргізуге болатынын хабардар етеміз»,- деді Бахтыораз Мизамұлы.   

Тұмау – бұл негізінен жоғарғы тыныс жолдарына әсер ететін және жоғары температурамен, әл-ауқаттың айқын нашарлауымен, қатты әлсіздікпен, бастың және бұлшықеттің ауруымен, жүрек айну, құсумен көрінетін жедел жүретін жұқпалы ауру. Ауру әдетте бір аптаға созылады. Тұмау барлық жастағы адамдарда және жылдың кез келген уақытында кездеседі. Алайда аурушаңдықтың шарықтау шегі күз бен қыс мезгілінде болады. Жалпы тұмаудың эпидемиялық кезеңі қазан айынан мамыр айына дейін созылады.