Түркістанда отбасы күніне орай «Ашық есік күні» өтті

Qaz365.kz редакциясы

Акушер-гинекологтың тексеруінен өтіп, жүктілікке дайындық бойынша ұсыныстар алу маңызды

Түркістан облысындағы, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасында отбасы күніне орай «Репродуктивті денсаулықты нығайту» тақырыбында «Ашық есік күні» өткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шарада аудан тұрғындарына отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау жөнінде мәліметтер айтылды. Одан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында емхана бөлімінің гинеколог, терапевт-нефролог, психолог мамандары аудан тұрғындарын қарап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, отбасын жоспарлаудың негізгі мақсаты түсіндіріліп, ана мен нәрестенің денсаулығын қорғау және жалпы халықтың денсаулығын жақсарту болып саналатындығы айтылды. 

Кездесуде жүктілік ана организміне түсетін үлкен салмақ болғандықтан, жүктілікке алдын-ала дайындалу керектігі түсіндірілді. Әрбір әйел алаңсыз жүктілікті және болашақ нәрестенің сау дамуын армандайды. Болашақ ата-аналардың бала тууға дайындық мәселесіне саналы және жауапкершілікпен қарауы маңызды. Жүктілікке дайындық салауатты өмір салтын сақтаудан басталады. Бұған тұрақты жаттығулар, дұрыс тамақтану, жаман әдеттерден бас тарту және салмақты сақтау кіреді. Акушер-гинекологтың тексеруінен өтіп, жүктілікке дайындық бойынша ұсыныстар алу маңызды. Бұған инфекцияларды тексеру, ұрпақты болу жүйесінің денсаулығын бағалау және маңызды дәрумендер мен қоректік заттарды қабылдау бойынша кеңестер кіреді.

Жалпы жүктілікті жоспарлау сонымен қатар эмоционалды жағын дайындауды қамтиды. Өмірдегі өзгерістерге дайын болу, жағымды эмоционалды жағдайдан сақтайды.