Түркістан облысында «А» вирусты гепатиттің алдын алу маңызы айтылды

Qaz365.kz редакциясы

Халық арасында «сары ауру» атауымен белгілі аурудың қоздырғышы ауыз қуысы арқылы адам ағзасына еніп, ең алдымен бауырды зақымдайды

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысына қарасты, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына қарасты дәрігерлік емхана «Жонарық» медициналық қызметкерлері арасында «А» вирусты гепатит ауруының алдын алу бойынша семинар өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сарыағаш аудандық Санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің жетекші маманы А.Кәрімбекқызының сөзінше «А» вирусты гепатит- вирусты ішек инфекцияларының ішіндегі дүние жүзіне ең көп таралған жұқпалы  аурулардың түрі. Халық арасында «сары ауру» атауымен белгілі аурудың қоздырғышы ауыз қуысы арқылы адам ағзасына еніп, ең алдымен бауырды зақымдайды. 

«Жұқпамен  негізінен 2 мен 14 жас аралығындағы балалар ауырады. Олар барлық  ауруға шалдыққандардың 80 пайыздан астамын құрайды. Аурушаңдық жылдың барлық мезгілінде тіркеледі, дегенмен оның  жиі тіркелуі жылдың жазғы-күзгі  мезгілдерінде байқалады. Жұқпаның  берілу жолдарында су, тағам, тұрмыстық жанасу жолдары үлкен орын алады. Қоздырғыш адам ағзасына түскеннен кейін жасырын кезеңде орташа есеппен 14-35  күн арасында ауру белгілері пайда болады. Кей жағдайда тұмауға ұқсас өтуі де мүмкін, яғни дене қызуы  38-39 0 С-қа көтеріліп, әлсіздік, енжарлық, ұйқысыздық, бас айналу, бұлшық еттердің ауруы сезіледі. Кейбіреулерінде қышыну белгілері болады. Науқас сарғайғанға дейінгі кезеңдерде айналасына қауіпті, өйткені ол «А» вирусты гепатитпен ауырғанын білмей, денсаулығына жеңіл желпі-қарап, аурудың алғашқы белгілерінде емделмей, сыртқы ортаға көп мөлшерде вирус бөліп, өзімен қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырады. «А» вирусты гепатиттің   ерекше профилактикасы вакцинациялау болып табылады», – деді маман.