Көкжөтелдің негізгі белгілері қандай – түркістандық дәрігерлер кеңес берді

Qaz365.kz редакциясы

Көкжөтел жүрек-қан тамырлар жүйесіне жағымсыз әсер етеді

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының мамандары көкжөтел ауруының алдын алу туралы кеңес береді. Бүгінгі таңда көкжөтелдің алдын алудың жалғыз және тиімді шарасы-міндетті вакцинация күнтізбесіне енгізілген иммундау болып табылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауыл округі ауруханасының жалпы тәжірбиелі дәрігері Дана Әнуарбекованың сөзінше көкжөтел жоғары тыныс алу жолдарының шырышты қабықшаларын зақымдайтын жұқпалы ауру. Ағзаға ауа-тамшылы жолмен бактериялар түседі де, ол көмекей мен бронхта дамиды. Патогенді микроағзалар бөлетін уыттардың себебінен қабыну реакциясы іске қосылып, булықпа жөтел пайда болады. Аурудың дамуына қарай ол мидағы тыныс алу орталығына әсер етіп, нәтижесінде жөтел күлгенде, ауырғанда немесе сөйлегенде күшеюі мүмкін. Сондай-ақ көкжөтел жүрек-қан тамырлар жүйесіне жағымсыз әсер етеді. Иммунитет әлсіресе, екінші рет осы жұқпаны жұқтырып алуыңыз мүмкін.

«Көкжөтел жиі мектеп жасына дейінгі балаларда пайда болады, алайда онымен ересектер де ауыруы мүмкін. Бұл ауру әсіресе, еметін нәрестелерге қауіп төндіреді. Көкжөтелді жұқтырған адам кейде бірнеше күн, ал кейде екі апта бойы оны байқамауы мүмкін. Бастапқыда ол құрғақ жөтел, сәл температураның көтерілуі және мұрын бітелуімен қатар жүруі мүмкін. Алайда бірнеше күн өткен соң науқасты ұзаққа дейін кетпейтін булықпа жөтел мазалайды. Бактерия жөтелгенде немесе сөйлегенде бөлінетін сілекей арқылы жұғады. Сондықтан бұл ауру науқаспен байланыста болған барлық адамдар пайда болуы мүмкн. Әсіресе, көкжөтел балабақшада жылдам таралады. Ал ересектерде кейде бұл ауру еш белгі бермейді, бірақ олар тасымалдаушы болады», – деді дәрігер.