Түркістан облысында акушерлік-гинекологиялық көмек сапалы көрсетіліп келеді

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан облысында 2024 жылдың 5 айында 20 мың 859 нәресте өмірге келген

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында акушерлік-гинекологиялық көмек өз дәрежесінде сапалы көрсетіліп келеді. Сонымен қатар босану залдарында табиғи жолмен босануға жағдай жасалынған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауыл округі ауруханасының акушер дәрігері Анипа Құрманбекованың сөзінше өмірге жаңа келген нәрестені дұрыс күту-оның денсаулығының басты кепілі. Бала ауырмас үшін ана оның денесін таза ұстап, тамағын дұрыс беріп, дұрыс ұйықтата білу керек.

«Елімізде ана мен бала денсаулығына ерекше мән берілуде. Өңірдегі қыз-келіншектер бала өмірге әкелгенде жас арақашықтығына көп көңіл бөлмей жатады, яғни ананың ағзасы толықтай қалыптасып үлгермей жатып екінші баласын көтеріп қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Оның өзі баланың денсаулығына әсер етеді. Осы ретте бүгінде өңірдегі барлық медициналық ұйымда отбасын жоспарлау кабинеттерінің жұмысы жолға қойылған. Кабинеттің негізгі мақсаты – аналар мен сәбилердің денсаулығын нығайту, бала саны мен туу мезгілін дұрыс жоспарлау, контрацепцияның заманауи әдістері арқылы әйелдердің тым ерте, кеш немесе жиі жүкті болуына жол бермеу, асқыну қаупі жоғары жүктілікпен босану санын азайту болып табылады. Дені сау баланы өмірге әкелу үшін ата-ана жауапкершілігінен бөлек дәрігер-акушерлердің де кәсібилігі аса маңызды», – деді акушер дәрігер Анипа Құрманбекова.

Айта кетейік, жалпы Түркістан облысында 2024 жылдың 5 айында 20 мың 859 нәресте өмірге келген. Оның 136-ы егіздер болса, ал 5-еуі үшем. Ал, 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 1 маусымына дейін 71 668 нәресте туылған. Бұл жөнінен Түркістан өңірі республикада көшбасшылар қатарында тұр.