Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады
Түркістанда 17-ші «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Екі жыл бұрын дәл осындай алғашқы нысан пайдалануға берілген болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Орталықтың қызметіне зейнеткерлердің арасында сұраныс жоғары болуына байланысты биыл сәуір айында қаладағы «Бекзат» тұрғын алқабынан №1 филиалы ашылса, ендігі кезекте «Отырар» тұрғын алқабынан №2 филиалы қызмет көрсетуге дайын. Бүгінгі таңда 15 ауданда орталық ашылып, 80 мыңға жуық зейнеткер тиісті қызметтермен қамтылуда.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.02.2021 жылғы «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №47 бұйрығына сәйкес өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарын ашу тапсырылған. Негізгі мақсаты – ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау. Қоғамның дамуы сол қоғамның қарт адамдарға қарым-қатынасымен өлшенеді. Сол орталықтарда азаматтардың бос уақытын өткізіп, әңгімелесіп, араласуына жағдай жасалуы маңызды.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталықтарда күнделікті 60-70 зейнеткер, ал айына 120-150 адам қызметтерді пайдаланады. Жыл басында 3480 адамға қызмет көрсету жоспарланып, қазіргі таңда 2240 зейнеткер қамтылған. Орталықта қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі. Қарттардың алаңсыз тынығып, салауатты өмір салтымен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.