Алматыда сал ауруымен ауыратын балаларға ота жасалды

Qaz365.kz редакциясы

Іште жатқанда пайда болған кемістік салдарынан науқастың табаны зақымданған

Оңтүстік астанадағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының травматолог мамандары церебралды сал ауруы салдарынан аяқ-қолында ақау пайда болған балаларға қалпына келтіруге бағытталған көп деңгейлі операциялар жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аса күрделі оталар аурухана базасында алғаш рет осы жылдың тамыз айында ресейлік медицина орталықтарының мамандарымен бірлесіп жасалған болатын. Олар елімізге «Милосердие» ерікті қоғамының шақыртуы мен қаржылық қолдауының арқасында келді.

Қазақстандық хирургтер шетелдік әріптестерімен бірге білімін шыңдап, кішкентай пациенттерді емдеу мен оңалту деңгейін жыл санап арттырып келеді. Мұның мамандар тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін балаларды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге септігін тигізері хақ.

Екінші аурухана науқастарының ең кішісі 1,5 жаста. Өте күрделі әрі сирек кездесетін дертпен ауыратын қыз балаға «Оң жақ аяғының туабітті ақауы. Оң жақ тізе сүйектерінің гипоплазиясы» деген диагноз қойылған. Іште жатқанда пайда болған кемістік салдарынан науқастың табаны зақымданған. Аяқтағы екі сүйектің орнына бір ғана сүйек біткен. Оны емдеу үшін ота жасап, протез орнату қажет болғандықтан хирургиялық отасыз мәселені шешу мүмкін емес-ті. Күрделі манипуляцияны хирургтер Ерлан Садырбалин мен Ұлжан Солтанбекова ресейлік әріптесі Андрей Кольцовпен бірлесіп жасады. Білгір хирургтердің арқасында ауыр дертке жасалған ауқымды ота сәтті аяқталды. Айта кету керек, операция МӘМС қаражаты есебінен жасалды.

Бұл ота тумасынан ауыр диагноз арқалаған бүлдіршін мен оның отбасына қалыпты өмірге жолдама сыйлады деуге болады. Біршама уақыттан кейін орнатылған алғашқы протез қыз баланың аяғын апыл-тапыл басып, жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік берді.

Аурухананың Травматология бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалиннің айтуынша, церебралды сал ауруымен ауыратын балаларды кешенді әдіс-тәсілдермен емдеу қажет. Соның ішінде мультидисциплинарлық әдістің нәтижесі зор. Атап айтқанда ортопед, невролог, реабилитолог мамандар бірлесіп қимылдаса көп нәтиже береді, дейді маман. 

«Отадан кейінгі медициналық оңалту шаралары да баланың айығып кетуінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан дәрігерлер мен науқас баланың ата-анасы қоян-қолтық жұмыс істеуі қажет», – деді дәрігер.