Ол өзі Түркістанның тумасы екен. Жасы 55-те
Әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күзетшісі Ілияс Шер Талғатбекұлының видеосы қызу талқыланып жатыр. Ол шетелден келген туристерге ағылшын тілінде қызмет көрсетіп, видеосы көп адамға жақсы пікіріне ие болған. Qaz365.kz тілшісі Ілияс Шермен сөйлесіп көрді.
«Әр туристен ағылшынша бір сөз үйреніп, миға сіңіре бердім»
Ол өзі Түркістанның тумасы екен. Жасы 55-те. Бір ұлы, бір қызы бар. «Іскер» агенттігі фирмасында еңбек етеді. Одан бұрын қалалық қоғамдық көлікте жүргізуші болып еңбек еткен. Кесенеде еңбек еткеніне үш айдай болған.
«Ағылшын тілін біріншіден, үйрендім деп айтпас едім. Үйреніп жүрмін. Туристерге келер болсақ, бұл қарапайым қажеттіліктен туындайтын мәселе ғой. Олар келгеннен кейін әлбетте, қызмет көрсету керек. Қазақта «үйден қырық қадам аттасаң, мүсәпірсің» дейді ғой. Тілге бір қадам жақсы болғаннан кейін біреулер әжетхана қайда екенін сұрайды. Өтінеді. Түсіндіріп жіберем. Сусын іздеген кезде қайдан алуға болатынын да сұрайды. Оны да көрсетіп жіберем. Сонымен жалғасып кете береді», - дейді Ілияс Шер.
Осындай ұсақ-түйек жай сұрасудан бастап Ілияс Шер туристермен көбірек әңгімелесе береді.
«Әңгіме барысында кейбір туристер «осы жердің тумасысың ба?» деп сұрайды. Тілді қайдан үйрендің? Бала-шағаң бар ма? Бір-бірімізбен ұзақ әңгімелесіп, кейде олар не үшін келгенін, мен не үшін олармен сөйлесіп тұрғанымызды ұмытып, тақырыптан алыстап кетеміз. Бірге суретке түседі. Гид емеспін, бірақ әр туристен бір сөз үйреніп, миыма құя бердім. Маған керегі сол. Олар – менің ұстазым. Әңгімелесудің арқасында өзімнің тіл білу деңгейімді жақсартып жатырмын», - дейді ол.
«Білім мұхитына сүңгіп кеттім»
Ілияс Шер тілге деген қызығушылығы неден оянғанын айтып берді. Оның сөзінше, білгісі келетінін біліп, түсінгісі келетінін түсінуге тырысқан. Қазір көп ақпарат әлемде ағылшын тілінде тарап жатқанына назар аударған.
«Балаларым менен сабақтың жайын сұрағанда кейде тіл жағын білмей қаламыз ғой. Сол үшін өзім де білуім керек деп ойладым. Сөйтіп, білім мұхитына сүңгіп кеттім деуге болады. Ағылшын тілі мен үшін терең, түбі жоқ мұхит – бетіне қалқып жүрмін. Ары қарай қалқып жүре берем деп ойлаймын», - деп күледі ол.
Ілияс Шер тың ұсыныстар болса басқа жұмысқа ауысуға дайын екенін айтты. Әлі ұсыныс түспеген. Оны жоғары білімінің жоқтығымен түсіндіреді.
«Жоғары білім жоқ болған соң кім алады жұмысқа? Дұрыс қой енді. Ол үшін растайтын құжат болу керек. Алла нәсіп етсе, ұсынысттар болар. Адамның басы – Алланың добы дейді. Неге болмасқа? Халыққа жарасақ, қызметіне дайынбыз. Тарихты түсіндіруге даярмыз. Ел өссін, мемлекет көркейе берсін. Әлемге танымал бола берейік», - дейді ол.
Ілияс Шер қажетті ақпарат Түркістанда ағылшын тілінде жоқтығына назар аудартты. Сол үшін күзетші туристерді аяп, қызмет көрсетеді екен.
«Маған чатқа видео түскеннен кейін (өзінің видеосы) көрдім. Арасында біреу түсіріп кетіпті. Жалпы көп адамның арасында болғанды ұнатпаймын. Видео солай тараған», - дейді Ілияс Шер.