Түркістандық дәрігер тұмаудың алдын алу маңызы туралы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Дамыған мемлекеттерде жыл сайын тұмаудың салдарынан, оның асқынуларынан 30-40 мың адам көз жұмады

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан қаласындағы Талғат Клиникасының жалпы тәжірибелі дәрігері Балзия Саулебекқызы тұмаудың асқынуынан пневмония туындап, орталық жүйке-жүйесінің, жүрек-қантамыр жүйесінің, есту ағзаларының зақымдануымен жүретінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тұмау ауруы жедел басталып, 3-5 күн бойы жоғары дене қызуының көтерілуімен, жалпы жағдайының нашарлауымен, интоксикация белгілерімен өтетін жұқпалы ауру.

Дамыған мемлекеттерде жыл сайын тұмаудың салдарынан, оның асқынуларынан 30-40 мың адам көз жұмады. Тұмаудың және жедел респираторлы инфекциялардың әлеуметтік-экономикалық маңызы да жоғары. Себебі, инфекцияның өзіне, сонымен қатар олардың асқынуларына және созылмалы аурулардың өршуінен кететін еміне жұмсалатын шығындары үлкен. Жұмысшылардың жұмысқа қабілетсіздігінен және балаларының ауырып қалуынан жұмыс орындарында болмауы да аз емес шығындарды құрайды. 

«Тұмаудың профилактикасы мен асқынуларының алдын алу жолдарының бір тәсілі–ол вакцинация. Елімізде тұмауға қарсы профилактикалық егулер «Профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне» сәйкес ең алдымен қауіпті топқа жататын адамдарға жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Жыл сайын қалалық жергілікті бюджет қаражатынан қаржы бөлініп тұмауға қарсы вакцинасы алынып, қала халқының қауіп топтары жыл сайын тегін егіледі. Соның ішінде медицина қызметкерлері,екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы өкпе, жүрек қан тамырлары, бүйрек, бауыр және иммундық жетіспеушілік ауруларымен ауыратын ересектер мен балалар, әлсіз жиі ауыратын балалар, жабық мекемедегілер вакцинациямен қамтылады, өйткені эпидемия болған жағдайда олар бірінші ауырып, басқаларға жұқпа көзі болуы да ықтимал»,- дейді маман.