Несие алған борышкердің туыстарына қоңырау шалып қорқытады – мұндай жағдайда не істеу керек?

Qaz365.kz редакциясы

Ешкім біреудің жеке ақпаратын таратуға, өзге адамдарды қорқытуға қақысы жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Борышкердің туыстарына қоңырау шалып қорқытып жатса, әр азамат мұндай жағдайда не істеу керектігін сот орындаушы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Борышкердің жақынына хабарласатын кімдер

Жеке сот орындаушы Айдын Қайдаровтың сөзінше, несие алған борышкерге, оның туған-туыстарына қоңырау шалып қорқытатын банк емес, коллекторлық ұйымдар. Ешкім біреудің жеке ақпаратын таратуға, өзге адамдарды қорқытуға қақысы жоқ. Әуелі ондай жағдайда әр адам өзінің борышкерлер тізімінде бар-жоғын тексеру керек.

«Банктер емес коллекторлық ұйымдар бар. Сол  коллекторлық ұйымдар борышкерлерге, олардың туыстарына бәріне қоңырау шалады. Оларды қорқытып жатады. Біз бәріне түсіндіреміз. Егер сіздерге сондай ұйым қоңырау шалып, қорқытып жатса, әрбір адам өзінің борышкерлер тізімінде бар-жоғын тексеру керек. Егер сіз тізімде жоқ болсаңыз, олар – сот орындаушылары емес,  коллекторлық ұйымдар. Әрине, ешкім біреудің жеке ақпаратын таратуға, өзге адамдарды қорқытуға қақысы жоқ. Менің ойымша, бұл заңды емес. Қадағалау агенттіктері бар. Соларға жүгінуіңізге болады»  – дейді сот орындаушы.

Халықтың қарызы қанша

Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстандағы банк секторының 2024 жылғы 1 қыркүйектегі   жай-күйі жайлы мәліметтерді жариялған еді.

Агенттіктің мәліметіне сәйкес 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 11 банк шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк. Банк секторының активтері негізінен берілген қарыздар мен операциялар бойынша клиенттерге қойылатын талаптардың өсуі есебінен 2024 жылдың тамызында 1,9%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 57,8 трлн теңге (2024 жылдың басынан 12,5%-ға немесе 6,4 трлн теңгеге өсу) құраған.

Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы тамызда 2,2%-ға ұлғайып (2024 жылдың басынан бастап 14,8%-ға өсті), 19,2 трлн теңгені құраған. Халыққа берілетін кредиттер құрылымында тұтынушылық қарыздар 5,8%-ға 12,6 трлн теңге дейін өскен (жыл басынан бері 22,7%-ға өсу). 

Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтары коллекторларға 400 млрд теңгеге жуық сомаға қарыз. Енді жаңа ережелер бойынша олар борышкерге өтеу шарттарын өзгертуге құқығы бар екенін хабарлауға міндетті.

Коллекторлар несиені төлету үшін не істеуге құқылы

Коллекторлық агенттік борышкермен немесе оның өкілімен, және банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарттың аясында кредитормен міндеттемелермен байланысты үшінші тұлғамен мынадай тәсілдер жасауға құқылы:
1) телефонмен сөйлесулер;
2) жеке кездесулер;
3) борышкер - жеке тұлғаға тұрғылықты жері бойынша (заңды мекенжайы),   борышкер-заңды тұлғаға  орналасқан орны (нақты мекенжайы) бойынша жіберілетін жазбаша (пошта арқылы) хабарламалар;
4) ұялы байланыс арқылы мәтін, дауыс және басқа хабарлар; 
5) Интернет арқылы өзара іс-әрекет.

Коллекторлар тарапынан борышкерге немесе үшінші тұлғаларға қатысты мынадай іс-әрекеттер заңсыз болып табылады:  
- қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, зорлық-зомбылық қолдану;
- тіл тигізу, балағаттау;
- түн ішінде мазалау, үйдің есегін бұзу және т.б.