Түркістанда АИТВ инфекциясының алдын алу шаралары талқыланды

Qaz365.kz редакциясы

Шараға қатысушылар семинар кезінде тегін медициналық тексеруден өтті

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы, Жетісай аудандық АИТВ инфекциясының алдын алу бөлімінің мамандары АИТВ инфекциясының белгілері және одан сақтану шаралары жөнінде семинар өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
 
Семинар барысында Жетісай аудандық АИТВ инфекциясының алдын алу бөлімінің мамандары аудандағы Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Семинар барысында орталықтың психолог маманы Ш.Дүкенова аталған инфекция жайлы баяндама жасап, қатушылардың сұрақтарына жауап берді. 

«АИТВ инфекциясын жұқтырған адамда ешбір ауру белгілері байқалмауы мүмкін. Науқаста қысқа мерзімді тұмау тәрізді синдром белгілері пайда болып, ұзаққа созылуы мүмкін. АИТВ инфекциясы жыныстық қатынас арқылы, екінші жолы екіқабат әйелдерден балаға немесе жаңа туған нәрестеге, үшінші жолы қан арқылы, нашақорлар арасында жиі кездеседі. Ағзаны толық вирустан тазартуға әлі ем жоқ, тек аурудың өмірін ғана ұзартуға мүмкіндік болып отыр. Аталмыш қатерлі дерттен бойыңды аулақ ұстау мен өз денсаулығыңды, болашағыңды қорғаудың ең сенімді, тура жолы – есірткіден бас тарту және бейберекет, кездейсоқ жыныстық қатынастан бойды аулақ салу. Вирус тасымалдаушылар көбінесе жұқтырғанын білмей, өздерін сау деп санайды, өйткені оларда бірнеше жыл бойы ауру белгілері болмауы мүмкін. АИТВ  диагнозы арнайы қан анализінің нәтижелері бойынша қойылады, ол көп жағдайда инфекцияны жұқтырғаннан кейін 3 ай аралығындаи нәтиже береді»,- деді маман.

Сонымен қатар семинарда жадынамалық парақшалар таратылып, алдағы уақытта да бұл профилактикалық шаралар жалғасын табатындығы айтылды. Семинарға қатысушыларға өз мәртебесін анықтау үшін орталыққа келіп, тегін медициналық тексеруден өту ұсынылды.