Түркістанда ең көп тараған паразиттік аурулар белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы

Гельминттер әсіресе балалардың денсаулығына әртүрлі патологиялық әсер етеді

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы үшін ең көп таралған паразиттік аурулар анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностика орталығының жалпы тәжірбиелі мейірбикесі Гүлдана Айдарханқызы паразиттер аллергияны тудыратынын, иммунитетті тежейтінін айтты,

Паразиттік аурулар-гельминттерді тудыратын аурулардың кең таралған тобы. Олар адам ағзасында өмірлік циклден өтіп, қоректеніп, көбейіп, әртүрлі мүшелерге зақым келтіреді. Гельминттер әсіресе балалардың денсаулығына әртүрлі патологиялық әсер етеді. Мейірбекенің айтуынша, паразиттер соматикалық аурулардың дамуына ықпал етеді және емдеу мерзімін ұзартады, балалардың психикалық және физикалық дамуын тежейді. Бүгінде науқастардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар басым және жалпы паразиттік аурушаңдықтың үлес салмағын құрайды.

«Біздің Түркістан облысы үшін ең көп таралған паразиттік аурулар - аскаридоз, эхинококкоз, энтеробиоз, лямблиоз. Гельминтоздар тобында аскаридоз жиі анықталады. Дөңгелек құрттар адамның аш ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Ұрықтанған аналықтар күніне 200 мыңнан астам дамымаған жұмыртқа бөледі. Егер адамның нәжісімен топыраққа түссе, олардың дамуы басталады. Инфекция гельминт жұмыртқаларын жұту арқылы пайда болады. Аурудың берілу факторлары - аскарида жұмыртқасымен ластанған жидектер, көкөністер, жемістер, су және кез-келген тұрмыстық заттар болып табылады. Сонымен қатар, жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау, жейтін шикі көкөністерді, жидектер мен жемістерді мұқият жуу маңызды»,- деді Гүлдана Айдарханқызы.

Сонымен қатар эхинококкоз барлық жерде кездеседі. Инфекция көзі - иттер мен жабайы жануарлар. Эхинококкоз-бұл бауырдың, өкпенің және басқа мүшелердің зақымдалуымен, дененің аллергиясымен және мүгедектікке ғана емес, өлімге де әкелетін өте ауыр асқынулармен сипатталатын созылмалы гельминтоз.