Сот ойын бизнесі жайлы келтірілген мәліметтерді қайдан алғанын білу үшін сұрау жіберген
Астанада букмекерлер депутат Берденовтың үстінен арыз түсірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазақстан букмекерлері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі депутат Руслан Берденовтың үстінен Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотқа арыз түсірді. Олар депутаттың көптеген сұхбаттары мен журналистерге берген мәліметтері шындыққа жанаспайды деп есептейді.
Арыз
Сотқа түсірген арызында букмекерлер Respublica партиясының мүшесі бірнеше рет ойын бизнесін ұйымдастырушылардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әрі шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратқанын жазады. Мұндай ақпаратты Берденов депутаттық қызметі шеңберінде көпшілік алдында сөйлегенде де, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен ақпараттық интернет-ресурстар арқылы да таратты деп санайды. Жалпы, Қазақстан букмекерлері қауымдастығына 8 заңды тұлға кіреді.
«Жауапкер таратқан жалған мәліметтер, басқалармен қатар, реттеу шараларын қатаңдату, саланы және сабақтас салаларды монополиялау, бизнес функцияларын делдалдардың пайдасына беруге бизнестің шектелуіне себеп болды. Атап айтқанда, жауапкер жария түрде таратқан мәліметтер,
реттеуді күшейтетін бірқатар заң жобаларына аргумент ретінде келтірілді», - дейді арыз иелері.
Букмекерлер арызында журналистердің тергеуіне сүйеніп, Берденовтың аффилирленген компаниясы өз мейрамханасын жарнамалау үшін «бюджеттен ақша алып отырғанын» атайды. Сонымен қатар, Берденов ойын бизнесі туралы таратқан материалдардың сілтемесін арызында келтіріп, соның бәрін «заңды тұлғалардың ісіне нұқсан келтіреді» деп тануды талап етеді.
Арыз жазғандар БАҚ-тарға тараған ақпараттардың жалған екенін ресми органдарға сауал жолдау арқылы білген. Былтыр букмекерлер Берденовке көп алдында кешірім сұрауды талап етіпті. Бірақ депутат оған келіспеген. Енді букмекерлер онымен соттасқалы отыр.
Букмекерлердің арызын Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қабылдап, істің мән-жайын анықтауға кіріскен. Сот алдымен, оннан аса БАҚ-тан арызда ойын бизнесі жайлы келтірілген мәліметтерді қайдан алғанын білу үшін сұрау жіберген.