Ауыр диагнозбен туған балалардың саны жылсайын артып келеді – түркістандық дәрігер

Qaz365.kz редакциясы

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше жыл сайын бұл диагнозбен ауыратын балалар саны 13 пайызға артып отырады

Фото: gov.kz

Түркістан қаласында орналасқан «Қамқорлық» оңалту орталығының бөлім меңгерушісі, дәрігер невролог Лалахан Сайфуллаева жыл сайын ауыр диагнозбен туған балалар саны артып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгінде елімізде аутизм дертіне шалдыққан 8,5 мыңнан астам бала тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше жыл сайын бұл диагнозбен ауыратын балалар саны 13 пайызға артып отырады.

Дәрігердің сөзінше, қоғамның ең бір əлсіз қорғалған мүшелерінің, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға лайықты қамтамасыз ету, әлеуметтік ортаға бейімдей отыра, сапалы білім беруді ұйымдастыру елімізде өзекті мәселеге айналдыру қажет дейді. Ол аутист балаларды қабылдауға қоғам дайын еместігін де атап өтті.

«Балалардың ой өрісі мен сөйлеуінің тежелуі қазіргі кезде өте көп орын алып жатқан мәселе. Аурудың бұл түрі әр балада әртүрлі дәрежеде  көрінеді. Кей балаларда жеңіл түрі болса, кейбірінде ауыр деңгейде кездесіп жатады. Қазіргі таңда балаларда аутизм ауруы жиі кездеседі. Бұл ауруларға әсер етуші факторларды әр маман әртүрлі талдайды. Қазіргі дамыған заманның түрлі гаджеттерді балалардың қолдануы ауру тудырушы негізгі себептерге жатады. Біріншіден, бұл жағдайда ана мен бала арасында байланыс үзіледі. Екіншіден баланың даму кезеңінде бала қоршаған ортамен байланысқа түсіп, миында сараптама жасамауы басты себеп болып отыр», – дейді маман.