Түркістан облысы бойынша жыл басынан бері 150 227 тұрғын жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырған
Түркістан облысы Сауран аудандық орталық ауруханасының терапевт воп дәрігері Назира Аманбаева ЖРВИ және тұмаудың алдын алу үшін екпе алу маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«ЖРВИ мен тұмау аурулары жас талғамайды, барлық адамның ауруға шалдығуы мүмкін. Ауру әлсіздік, қатты бас ауру, қалтырау, ауру ағымына қарай дене қызуының 38-40 ° С-қа дейін көтерілуімен білінеді. Сондай-ақ, бұлшықет пен буындардың ауруы, көздің жасаурауы, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, тершеңдік, құрғақ жөтел пайда болады. Аурудың ұзақтығы 5 күннен 10 күнге дейін созылады. Тұмаудың салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы-тұмауға қарсы жыл сайын екпе алу. Сонымен қатар, бетперде тағып, қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы ерітіндімен жуу керек. Бұдан бөлек, бөлмемен үйді жиі желдетіп, таза ауада серуендеу, денешынықтырумен және спортпен айналысуы керек. Ең маңыздысы дұрыс толыққанды тамақтанып, витаминді тағамдарды пайдалану қажет»,- дейді маман.
Еске сала кетсек, Түркістан облысы бойынша жыл басынан бері 150 227 тұрғын жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырған. Бұл көрсеткішті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ, науқастанушылардың 43,6 пайызға өскенін көреміз. Сондықтан да ЖРВИ-ға қарсы иммундау науқаны биыл 1 қыркүйектен, ал тұмауға қарсы иммундау науқаны 15 қыркүйектен басталған. Жалпы облыс бойынша 686 инфекциялық төсек-орын бар. Оның 241-і ересектерге, 445-і балаларға арналған.