Балалар арасында семіздік көбейді – түркістандық маман

Qaz365.kz редакциясы

Балалар арасында асқазан-ішек ауруларының, өт жолының дискинезиясы, гастрит, эндокриндік аурулар арасында семіздік жиі кездесетіні алаңдатады

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностика орталығының медбикесі Назерке Сейтен балалар арасындағы семіздік көбейгенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Балалар арасында асқазан-ішек ауруларының, өт жолының дискинезиясы, гастрит, эндокриндік аурулар арасында семіздік жиі кездесетіні алаңдатады. Оның басты себебі - балалардың дұрыс тамақтанбауы, жылдам әзірленетін өнімдерді, газды, энергетикалық сусындарды көп ішіп-жеуден, дене қозғалысының аздығынан деп айтуға болады. Назерке Сейтеннің сөзінше жыл сайын мектептерде, бала-бақшаларда аталған ауруларға әкелетін себептерді алдын-алу мақсатында балалар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы семинарлар ұйымдастырылып тұрады.

«Асқазан-ішек жолдарының аурулары әдетте адам ағзасының басқа жүйелерінің жұмысындағы проблемалармен байланысты. Олар жағымсыз ауырсыну белгілерімен бірге жүреді және шұғыл емдеуді қажет етеді. Әр адам әрқашан дені сау және күш-қуатқа толы күйде өмір сүргісі келеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бүкіл әлемде асқазан-ішек жолдарының ауруларының асқыну үрдісі байқалады. Ас қорыту жолы – тағамнан қоректік заттарды өңдеуге және алуға, оларды сіңіруге және қорытылмаған қалдықтарды организмнен шығаруға арналған адам ағзаларының жүйесі. Ас қорыту процесі өте күрделі. Сондықтан мұндай қарқынды жұмыс кезінде қиындықтар болуы мүмкін. Бұл әсіресе адам тұрақсыз тамақтанса немесе қимыл-қозғалысы аз өмір салтын ұстанса, созылмалы күйзеліске ұшыраса, асқына түседі»,- деді маман.

Айта кетейік, ас қорыту жолы ауыз қуысынан, жұтқыншақтан, өңештен, асқазаннан, аш ішектен, тоқ ішектен және тік ішектен тұрады. Сонымен қатар, ас қорыту процесіне гепатобилиарлы жүйе мүшелері, яғни бауыр, өт қабы, ұйқы безі де қатысады.