Көздің шырышты қабығының қабынуы соқырлыққа алып келеді – түркістандық офтальмолог

Qaz365.kz редакциясы

Кітап, газет-журнал оқығанда, іс тіккенде 30-35 см, теледидарды 2,5-3 метр қашықтықта көру маңызды рөл атқарады

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностика орталығының офтальмолог-дәрігері Майра Еркінқызы көздің шырышты қабығының қабынуы аллергиялық реакциядан немесе вирустық немесе бактериялық инфекциядан туындауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол ауру жедел және созылмалы конъюнктивит болып бөлінетіндігін түсіндірді. Маман дұрыс тамақтану салтын сақтап, үй жағдайында емдеймін деп жарнамадағы дәрілерді қолданбауға шақырды. Ең дұрысы дәрігердің кеңесіне жүгініп, қажетті ем алу екенін де атап өтті.

«Біз қоршаған ортадағы ақпараттың 90%- ға жуығын көзбен қабылдаймыз. Бүгінде техника мен технологияның дамыған заманы болғаннан кейін адамдардың басым бөлігінің көздері нашар көреді. Осы орайда біз көз аурулары, оны емдеу жолдары, көз гигенасы, көз массажы мен көз жанарын қалай жақсартуға қатысты мәліметтерді ұсынып отырамыз. Таңертең тұрғанда бетіңізді жуумен қатар, көзге сабын түсірмей жуу керек. Қазір кірпік жалғап алып, ол кірпігі түсіп қалады деп кейбір қыздар көздерін дұрыстап жумайды. Ол гигиенаға жатпайды және көздің жұмыс қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан көз жанарын ерекше қорғауға кеңес беремін. Көз гигиенасымен қатар көру гигиенасы бар. Көз бұлшықеттеріне күш түсірмеу керек. Бүгінде техника мен технологияның дамыған заманы болғандықтан, біз күні бойы компьютермен жұмыс істеп, смартфонды пайдаланамыз. Содан көзіміз шаршайды, бұлыңғырланып ауыра бастайды»,- дейді маман.

Айта кетейік, кітап, газет-журнал оқығанда, іс тіккенде 30-35 см, теледидарды 2,5-3 метр қашықтықта көру маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, әрбір адам ой еңбегі мен дене еңбегін алмастырып отыруы керек. Ішімдік пен темекі тарту да сіздің денсаулығыңызға, әсіресе, көзіңіздің көру деңгейіне әсерін тигізеді.