Көпбалалы аналарға жәрдемақы көтеріле ме – Бектенов депутаттарға жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Мемлекеттік жәрдемақыларға 1,5 трлн теңге қаражат бөлінген

gov.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін өсіруді өтінген депутаттарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Қазақстанда көпбалалы аналарға қандай көмек беріледі

Бұған дейін депутаттар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» ордендері үшін жәрдемақы мөлшерін өсіруді сұраған еді. Бектенов биыл республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылардың 5 түрін және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемнің 2 түрін төлеуге 1,5 трлн теңге қаражат бөлінгенін хабарлайды. 1 қазандағы жағдай бойынша жоғарыда аталған төлемдерді 2,3 млн астам адам алған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,5 %-ға жоғары. Осылайша, мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелері жыл сайын өсіп келеді.

«Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік жәрдемақы отбасындағы балалар санына қарай сараланған мөлшерде төленеді (4 баласы бар отбасылар үшін – 59 183 теңге, 5 баласы бар – 73 988 теңге; 6 баласы бар – 88 793 теңге; 7 баласы бар – 103 598 теңге;  8 және одан да көп балалары бар отбасы үшін – әр балаға 14768 теңгеден қосылады).  Бұдан басқа, бес және одан да көп баласы бар отбасылар (2020 жылы – 8,4%, 2024 жылы – 9,8%) үлесі мен наградталған аналар санының (2020 жылы – 232 320 адам, 2024 жылы – 237 636 адам) соңғы 5 жылда өскен. Бұл қолданыстағы әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін білдіреді. Басқа елдерде наградталған аналарға ай сайынғы мерзімді төлемдер қарастырылмаған, Ресей Федерациясында, Беларусьта, Түрікменстанда наградтаған кезде біржолғы төлемдер ғана бар, ал Қырғызстан мен Тәжікстанда мұндай төлемдер жоқ»,  – делінген Бектеновтың жауабында.

Үкімет басшысы көпбалалы отбасыларға берілетін төлем түрі бірнешеу екеніне қарамастан, қоғамда жәрдемақы мөлшері төмен деген пікір жиі талқыланып тұратынын, себебі жәрдемақының әр түрі дербес төлем ретінде қабылданатынын айтады.

«Егер оларды жиынтық төлем ретінде алатын болсақ, мысалы,  2024 жылы 7 баласы бар отбасына ай сайын 163 778 теңге, яғни 1 жыл ішінде бюджеттен 2,0 млн теңгеге жуық қаражат беріледі (1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне –  32 859 теңге, көпбалалы отбасына – 103 598 теңге, «Алтын алқамен» наградталған анаға –  27 321 теңге). Сонымен қатар көпбалалы отбасы мәртебесі уақытша берілетінін және үлкен баласы 18 жасқа немесе күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын болса,  23 жасқа толған соң мұндай санаттан шығарылатынын айта кеткен жөн. Жалпы қолданыстағы жүйе балалы отбасын қолдаудың мемлекеттік саясатының тиімділігін көрсетеді. Бала кәмелеттік жасқа толған немесе білім беру ұйымдарында оқуды бітірген кезеңде көп балалы отбасына жәрдемақы төлеуді жалғастыру көп балалы отбасына жәрдемақы төлеуді енгізу идеологиясына қайшы келеді. Бұдан басқа, аталған ұсыныс кәмелеттік жасқа толмаған бір-үш баласы бар және көпбалалы отбасы мәртебесі жоқ отбасыларға қатысты әлеуметтік теңсіздікке алып келеді. Осыған байланысты балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы тетігін сақтаған жөн деп санаймыз», – дейді Бектенов.

Бектенов Қазақстанда алты бала тәрбиелеген ана «Күміс алқаға», жеті баласы бар ана «Алтын алқаға» ұсынылатынын, осылайша, ұлттық заңнамада және қоғамда көпбалалы аналарға лайықты құрмет пен қолдау қарастырылғанын атап өтеді.

«Тіпті күлкілі»

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева Премьер-министр Олжас Бектеновтен «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға жәрдемақы мөлшерін көтеру жайлы депутаттық сауалға толыққанды жауап беруді сұраған еді. Оның айтуынша, «Алтын алқа» үшін берілетін жәрдемақы мөлшері тіпті күлкілі. Бүгінде елімізде 583 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркеліпті. Оның ішінде 90 пайызы 4 және 5 бала тәрбиелеп отырған отбасылар саны – 525 мың. Депутаттың сөзінше қазіргі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» ордендері үшін жәрдемақы мөлшері тіпті күлкілі: жеті бала үшін – 27 321 теңге, ал алты бала үшін 23 629 теңгені құрайды. https://qaz365.kz/politics/9046-tipti-kulkili-deputat-altyn-alka-ushin-beriletin-zh-rdemaky-molsherin-katan-synady/