Бір өртсөндіру бекеті 5 ауданды қамтып отыр
Үшінші мегаполисте су жаңа өрт сөндіру депосы қолданысқа берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бекеттің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов бастаған астаналық қонақтар мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов келді. Одан өзге азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Жап-жаңа өрт сөндіру депосы Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабында бой көтерген. Бекет аумақтағы бес ауданды қызыл жалыннан арашалау үшін жұмыс істейді.
“Бұл жерде жеке құрамға барлық жағдай жасалған. Автокөлік тұратын жерлер, одан кейін демалыс орындары, одан кейін демалыс орындары, шешінетін жерлер мен техникалар тұратын жерлер қарастырылған”,– дейді Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Бекзат Қамбаров.
Шаһардағы су жаңа өрт сөндіру депосы Шымкент бюджетінің есебінен салынған. Екіқабатты ғимаратта арнайы көліктер шығатын төрт есік бар. Заман талабына сай мекеменің артықшылығы да аз емес. Оқу сыныбы, демалыс, жатын, ас бөлмесі спорт және мәжіліс залы қарастырылған. Сондай-ақ, техникалық үй-жайлар, жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы және 100 метрлік кедергілері бар жолақ та мамандар игілігіне берілді.
“Өрттің алдын алу жұмыстары алып отыра біз он қабатты пәтердегі өртті сөндіріп болған соң қасындағы көрші пәтерлерде іздестіру жұмыстарын бастадық. Сол кезде апаны таптық. Қасында мүгедек қызы бар екен. Тез арада қауіпсіз аймаққа шығарып, солай екі адамды аман алып қалдық”,– дейді өрт сөндіруші Арман Сарыбаев.
Мекемеде 50 өрт сөндіруші жұмыс істейтін болады. Ал, олар қолданатын құрал-жабдықтың бәрі де заманауи. Осылай деген өрт сөндіру депосының басшылығы техниканың бәрі де жұмысты жеңіл атқаруға мүмкіндік беретінін айтады.
“Бүгінгі таңда Шымкентте 10 өрт сөндіру бекеті жұмыс жасап жатыр. Нормаға сәйкес 22 өрт сөндіру бөлімі болу керек. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес алдымыздағы екі жылда халық аумағында қосымша 10 өрт сөндіру бөлімін салу жоспарланған”,– дейді Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.
Айта кетейік, Шымкент бойынша 10 бірдей өрт сөндіру депосы бар. Олардың қатары жуық арада тағы да көбеймек. Шаһардағы Тұран, Сәуле, Бозарық шағын аудандарында, Елтай, Жаңаталап тұрғын алапбарында су жаңа өрт сөндіру деполарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Осылайша, үшінші мегаротисте бірер жылда өрт сөндіру бекеттерінің саны еселей түспек.