Ақтаулық жастар автобуста патриоттық флэшмоб ұйымдастырды

Nur-Altay Umirzak

"Менің елім - менің Туым" акциясы аясында республика қалаларында 10 мыңға жуық ту ілінетін болады

Сурет: Маңғыстау облысы Біліктілікті бағалау орталығы

Ерекше акцияны Ақтау қаласынан келген жас энтузиастар ұйымдастырған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Олар қоғамдық көлікте ел туын алып ұлттық аспаптарда ойнап, көңілді әндер орындаған. Автобус жолаушылары шоу-бағдарламаны ерекше қабылдап, жастардың әндерін тыңдаған соң ұзақ уақыт қол шапалақтаған.

“Патриоттық акцияны өнер колледжінің студенттері ұйымдастырды. Қоғамдық көліктен басқа, балалар көшеде өтіп бара жатқан адамдардың көңілін көтерді. Олар ұлттық әндерді орындап, көшеде 5-тен 14-ке дейін  ту көтеріп жүрді”, – деп хабарлайды Қоғамдық коммуникациялар орталығы.

Ту елдің рухын көтереді және әр азаматта ерекше мақтаныш сезімін оятады дейді “AMANAT" партиясының өкілі.

"Республикалық акцияның басты мақсаты-мемлекеттік туымыздың құндылығы мен мәртебесін арттыру, ел нышанына құрмет көрсету. Акция аясында өткізілетін іс - шаралар халықтың патриотизмін одан әрі оятуға серпін беретіні анық", –  деді "AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы Абзал Марат.

Айта кетейік, іс-шара 25 қазанда атап өтілетін Республика күніне орай ұйымдастырылған. "Менің елім - менің Туым" акциясы аясында республика қалаларында 10 мыңға жуық ту ілінетін болады.