Алматыда биыл мопед тізгіндеушілерінің жол апаты салдарынан 14 адам қаза болған

Nur-Altay Umirzak

Мопедтерге қатысты 743 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 757 адам жарақаттан

Сурет: new.tlt.ru

Жыл басынан бері мегаполисте 3869 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 170 адам, оның ішінде 1 бала жантәсілім етті,  деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, қаладағы жол ахуалы айтарлықтай күрделі жағдайда.

"Бүгінде Алматыда ресми 650 мың автокөлік тіркелді, арнайы талдау нәтижесі бойынша күнделікті қала көшелеріне басқа өңірлерден 550 мыңға жуық автокөлік кіріп-шығып жатады, яғни 1 миллионнан асқан көлігі бар қалада жол ахуалы күрделі десек болады. Ал қалада жол-көлік оқиғасының жиіленуге септігін тигізетін бірден-бір фактор - баламалы көліктер, мопедтер, самокаттар. Жыл басынан бері қала көшелерінде 3869 жол-көлік оқиғасы болды, салдарынан 4260 адам дене жарақаттарын алып, өкінішке қарай, 170 адам, оның ішінде 1 бала жантәсілім етті. Ал мопедтерге қатысты 743 жол-көлік оқиғасы болды, салдарынан 757 адам жарақаттанып, өкінішке қарай, 14 адам қаза тапты. Самокаттарға қатысты 103 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 109 адам жарақат алып, абырой болғанда адам шығыны жоқ. Мотоциклдерге қатысты 19 жол-көлік оқиғасы болып, 19 адам жарақаттанды, 2 адам оқиға орнында жан тапсырды. Бұл - алаңдататын статистика", - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Алматыда соңғы кездері мопед пен самокат тізгіндегендер арасында жол апаты көбейген.