Алматы көшелерінде "Есірткі сату жұмысын" парақ таратып жарнамалаған

Nur-Altay Umirzak

Күдіктіден QR кодтарымен есірткі сатуға қатысты жұмыс ұсыныстары жазылған 72 парақша табылды

Polisia.kz

Алматы көшелерінде “Есірткі сатуды” парақ таратып жарнамалағандар ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

“Олар ғимараттардың қасбеттеріне есірткі ресурстары туралы жарнамалар орналастырып, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірді. Алғашқы жағдайда 35 жастағы жергілікті тұрғын Жароков пен Жамбыл көшелерінің қиылысында Алмалы аудандық полиция қызметкерлерінің назарына ілікті. Тінту барысында күдіктіден QR кодтарымен есірткі сатуға қатысты жұмыс ұсыныстары жазылған 72 парақша табылып, тәркіленді. Ол бұл брошюраларды тұрғын үйлердің маңайына таратып үлгерген. Аталған азаматтың осыған ұқсас қылмысы үшін бұған дейін де сотталғаны анықталды. Келесі жағдай Медеу ауданының полицейлері мен прокуратураның үйлесімді жұмысының арқасында әшкереленді. 18 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны трафарет пен бояуды пайдаланып, тұрғын үйлердің қабырғаларына есірткі сату ресурстарының мекенжайларын жазып жатқан жерінен ұсталды. Қылмыс орнында қолға түскен күдікті қазір тергеуде. Осы оқиғалар бойынша аудандық полиция басқармалары есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау деректері негізінде қылмыстық іс қозғады. Екі күдікті де қамауға алынды”, – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Алматы қалалық есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері есірткі жарнамалаған 30-дан астам адам ұсталып, олардың бесеуі сотталған.