Кеген ауданында 30 отбасы баспаналы болды

Qaz365.kz редакциясы

Ауданда кейінгі 5 жылда 71 үйдің кілті пайдалануға берілген

Кеген ауданы әкімдігі

Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылында 30 отбасыға баспана кілті табыс етілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Елімізде баспананы қолжетімді ету – мемлекет пен жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй құрылысы бәсеңдемей, ең бастысы, баспана қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуы керектігін айтып, бұл тұрғыда жергілікті әкімдік Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керектігін атап көрсеткен еді. 

Осыған орай Кеген ауданында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Соның бірі – Кеген ауылының тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлерге 30 пәтердің кілті табысталды. 

Жаңа үй иелерін құттықтаған аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев соңғы 5 жылда 71 тұрғын үйдің кілті пайдалануға берілгені атап өтті. 

«Бүгін Кеген ауданы Кеген ауылында ақ түйенің қарны жарылған үлкен қуанышты күннің бірі деп айтуға болады. Кеген ауылында салынып, іргемізді кеңейтіп, ауылымыздың көркіне сән берген 30 тұрғын үйдің кілтін иелерінің қолына салтанатты түрде тапсырғалы отырмыз. Шалғай ауылдардың ішкі түйінді мәселесі – мемлекетіміздің басты назарында. Тұрғын үйлерді салуға мемлекет есебінен 942 млн теңге бөлінді. Міне, заманға сай жылы, жайлы және сәнді әрі сәулетті жаңа тұрғын үй бой көтеріп отыр. Соңғы 5 жылда 71 тұрғын үйдің кілті пайдалануға берілді. Осынау шаңырақтың құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген құрылысшыларға, мамандарына алғыс айтамыз. Бүгінгі тұрғын үй кілттері аудандағы көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға және бюджеттік сала қызметкерлерінің отбасыларына табысталуда. Өмірде баспаналы болу – адам өмірінің ең қуанышты сәттерінің бірі. Жерлестерімізді осы қуанышымен құттықтаймыз», - деді аудан әкімі.

Кеген ауылында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың бірсыпырасы үйлі болып, қоныс тойын тойлауда.

Баспаналы болған көпбалалы аналардың бірі Эльмира Нұртаева облыс әкімдігі мен аудан әкімдігіне алғыс айтты.

 «Бүгін облыс әкімінің, аудан әкімінің арқасында, міне, баспаналы болдық. Өте қуаныштымыз. Қуанышымызды сіздермен бөлісіп жатырмыз. Осы отыз үйдің тұрғындары, үйлеріңізде тек қуаныш, шаттық болсын. Келесі жылы да жастарға осындай баспаналар бұйыра берсін. Аудан әкімшілігіне көп-көп рақмет. Тойымыз тойға жалғаса берсін», - дейді көпбалалы ана.